Шераға рухын жаңғыртқан дода

0 13

Шерхан Мұртазаның туған күні қарсаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Шынның жүзі – Шераға» облыстық прозашылар байқауы өз мәресіне жетті. Қаламгердің шығармашылық мұрасын ұлықтап, прозаға ден қойған авторлардың қарымын байқататын әдеби додада биылғы үздіктер анықталды.

Байқаудың жөні бөлек. Өйткені мұнда қаламгерлерге белгілі бір тақырып шеңбері ұсынылмайды. Әр автор өзіне жақын тақырыпты таңдап, прозалық шығармасын оқырман назарына ұсынады. Бұл өз кезегінде қатысушылардың шығармашылық мүмкіндігін еркін көрсетуіне жол ашады.

Биылғы байқауға да сөз өнеріне қызығушылығы бар бірқатар қаламгер қатысып, өз туындыларын ұсынды. Әр шығарманың мазмұны, көркемдік деңгейі, тіл өрнегі мен тақырыпты игеру шеберлігі таразыға түсті. Автордың өзіндік қолтаңбасы мен ізденісіне де басымдық берілді.

Құрамында доцент, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәмен Құлбарақ және облыстық «AQ JOL» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт бар қазылар алқасы шығармаларды саралай келе бірінші орынға Қамар Қарасаева лайық деп тапты. Екінші орын Гүлсара Байдановаға, үшінші орын Жорабек Нұртөреге берілді. Ал Назира Әбдікерімова арнайы жүлдеге ие болды. Жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Байқауға қатысып, шығармашылық ізденісімен көрінген өзге қаламгерлер де Алғысхаттарға ие болды.

Биылғы додада бас жүлдеге лайық деп танылған Қамар Қарасаева – проза жанрында қалам тербеп жүрген жас автор. Оның жеңісі әдеби ортадағы ізденістің бар екенін аңғартса керек.

Шераға шығармашылығының өзегі – шындықты айту, елдің сөзін сөйлеу, адам тағдырын көркем шығарма арқылы жеткізу. «Шынның жүзі – Шераға» байқауының да мәні осында. Жыл сайын қаламгерлердің басын қосып, жаңа есімдерді таныту арқылы бұл әдеби дода Шерхан Мұртазаның шығармашылық дәстүрін жалғастыруға өзіндік үлесін қосып келеді.