Медициналық көмекке қолжетімділік артып келеді

0 13

Облыста денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биылғы сегіз айда кадр мәселесін шешу, ауылдық жерлердегі медициналық көмекті күшейту, денсаулық сақтау нысандарын жаңарту және саланы цифрландыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек мәлімдеді.

Бүгінде облыстың мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарында 15 839 медицина қызметкері еңбек етеді. Оның 3 684-і – дәрігер, 12 155-і – орта медицина қызметкері. Соған қарамастан мемлекеттік медицина ұйымдарында 100 дәрігерге қажеттілік бар. Оның 40-ы қалаға, 60-ы ауылдық елді мекендерге тиесілі.

Кадр тапшылығын азайту үшін өңірге жас мамандарды тартуға басымдық берілуде. Биыл облысқа 287 маман бөлініп, оның 173-і ауылдық жерлерге жіберілген. Есепті кезеңде 135 медицина маманы жұмысқа орналасқан.

Ауылдағы кадр мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Әсіресе жалпы практика дәрігері, педиатр, анестезиолог-реаниматолог, радиолог, акушер-гинеколог мамандарына сұраныс жоғары. Осыған байланысты жас дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсету шаралары қарастырылған. Оларға тұрғын үй алу немесе салу үшін бюджеттік кредит, көтерме жәрдемақы беріліп, жергілікті бюджет есебінен де қолдау көрсетіледі.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға да мән беріліп отыр. Биыл 4 553 маманды оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда оның 2 552-сі біліктілігін жетілдірген. Бұл өз кезегінде медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

Саладағы маңызды бағыттың бірі – медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасын жаңарту. Қазір облыста 383 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Биыл үш нысанның құрылысына 5,1 миллиард теңге қарастырылған.

Талас ауданындағы 200 орындық орталық аудандық аурухананың құрылысы 95 пайызға аяқталған. Шу қалалық ауруханасының қабылдау бөліміндегі құрылыс жұмыстары 45 пайызға орындалған. Сонымен қатар Онкология және хирургия орталығында көлікжай салынып, бес медициналық нысандағы күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған.

Медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ісі де жалғасуда. Қазіргі таңда облыста медициналық жабдықтармен қамтылу деңгейі 92,7 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін магниттік-резонанстық томография, ангиограф және компьютерлік томография аппараттарын сатып алу жоспарланып отыр.

Бүгінде медицинада цифрлық технологиялардың мүмкіндігі де кеңінен пайдаланылуда. Атап айтқанда, инсультті жасанды интеллект көмегімен автоматты диагностикалауға арналған «Cerebra» жүйесін енгізуге 110 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ «Emdeu AI» телемедициналық платформасы іске қосылған.

Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі де назардан тыс қалмаған. Бұл бағытта бейнебақылау, дабыл түймелері мен смарт-бейнежетондар жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында жылжымалы медициналық кешендердің қызметі ұйымдастырылған. Қазір облыстың он ауданында он кешен жұмыс істейді. Жоспарланған 297 елді мекеннің 153-і жылжымалы кешендер арқылы медициналық тексеру мен консультациядан қамтылған.

Бұған қоса «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен облыстық Онкология және хирургия орталығына құны 1,1 миллиард теңге болатын екі жылжымалы медициналық кешен берілген. Бұл әсіресе шалғай елді мекен тұрғындарының медициналық тексеруден уақытылы өтуіне мүмкіндік береді.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де тұрақты бақылауда. Биыл қажетті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға 16,4 миллиард теңгеге өтінім қалыптастырылған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 31 медициналық ұйымға 11,4 миллиард теңгенің 231 атаудағы дәрі-дәрмегі мен медициналық бұйымдары жеткізілген.

Медициналық көмектің сапасын бағалауда тұрғындардың пікіріне де көңіл бөлінуде. Өйткені азаматтардың өтініштері мен шағымдары саладағы өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда шағымдардың басым бөлігі емханалардың жұмысына қатысты болғандықтан, пациенттерді қолдау қызметтерінің жұмысы күшейтілген. Азаматтарды қабылдау, көрсетілген медициналық көмектің сапасына мониторинг жүргізу және халықпен кері байланысты жақсарту бағытында тиісті шаралар қолға алынған.

Басқарма басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – медициналық көмекті тұрғынға барынша жақындату. Алдағы кезеңде ауылдағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, нысандарды жаңғырту, медициналық ұйымдарды жаңа құрал-жабдықтармен қамту және цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғаспақ. Бұл ретте саланың алға қойған басты міндеті – тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету.