Қарттарымыз — ортаймас қазынамыз

0 13

Тараз қаласының «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан №4 кітапхана ұжымы №66 орта мектеппен бірлесе отырып, «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» тақырыбында тағылымды кеш өткізді.

Кешті кітапхана меңгерушісі Бағира Бұлтанқұлова құттықтау сөзімен ашып, қарттардың отбасында да, қоғамда да атқарар рөлі мен алар орны ерекше екендігіне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, қарттық әлсіздік емес, өмір тәжірибесі мен даналықтың биігі екенін және қарияларды құрметтеудің ұлттық тәрбиедегі маңызын да атап өтті.

«Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп хәкім Абай айтпақшы, музыкалық бағдарлама бойынша №66 мектептің оқушысы Нұрасыл Мұрат домбырамен «Еркесылқым» күйін орындап, көпшіліктің көңілін серпілтіп тастады.

Әр салада елеулі еңбек етіп, құрметті демалыста жүрсе де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, бала тәрбиесімен де айналысып жүрген түрлі марапаттың иелері, асқар таудай аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымыз Бестерекбай Бекмеров, Баян Мамытбекқызы және Құнанбай Өскелеңовтер өздерінің балалық шақтарынан бастап, бүгінге дейін жүріп өткен жолдары мен бастарынан өткізген түрлі оқиғалары және ел үшін еткен еңбектері жайлы тұщымды да қызықты әңгімелеп берді.

Содан кейін ұрпақтар сабақтастығын айшықтай түсу мақсатында «Асыл сөз – атадан, ақыл сөз – әжеден» атты мақал-мәтелдер сайысы ұйымдастырылды. Оқушылар мақалдың алғашқы бөлігін айтып, ал, қонақтар оның жалғасын тауып, ұлттық сөз өнерінің тәрбиелік мәнін көрсетті әрі тіл байлығы алдымен оқу мен тоқудан екенін ұғындырды.

Тақырып аясында оқушылардың қатысуымен арнайы дайындалған «Тоқта, балам, атаң келеді артыңда» атты сахналық шағын қойылым көрсетілді. Онда үлкенге құрмет көрсетудің, қарттарға қолдау білдірудің маңызы зор екені бейнеленіп, адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттер көрініс тапты.

Тартымды да әсерлі шыққан қойылым «Қарттарым – асыл қазынам» деген атпен кітап көрмесіне жалғасып, оған жан-жақты библиографиялық шолу жасаған кітапханашы Гүлнұр Советова қатысушыларға көнекөз қарттардың өнегесі, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, отбасы құндылықтары туралы шығармалармен таныстырды.

Өз кезегінде аталмыш мектептің оқушылары  Гүлсана Жақып, Раяна Жанай және Инабат Болат әсем әндер шырқап берді. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» демекші, шарапатты әс-шараның есте қалар сәттерінің бірі ақсақал аталарымыздың көпшілікке ақ баталарын берулері болды.

Тағылымды кешті кітапхана қызметкері Аңсаған Жақанаева тартымды да татымды жүргізді.

Ешкімнің ешқашан қарттықтан қашып құтыла алмайтынын тағы да ойға салып, қарттарын қадірлеген елдің абыройы арта беретінін тереңнен ұғындырған мәні мен мағынасы зор тағылымды кеш соңында кітапхана меңгерушісі Б. Бұлтанқұлова уақыттарын бөліп келген қарттарға өз ұжымының атынан алғыс айтып, естелікке сыйлықтар табыс етті. Мектеп кітапханасының меңгерушісі Раушан Тажиева да 6 «Е» сынып оқушылары атынан сый-сияпаттарын табыстады.