Баламалы энергия – тұрақты болашақ кепілі

0 14

XXI ғасыр адамзат алдында жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктер кезеңін ашты. Экономикалық өсім мен табиғи ресурстарды пайдалану арасындағы тепе-теңдік мәселесі бүгінде ғаламдық деңгейдегі ең өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Климаттың өзгеруі, экологиялық апаттар мен табиғи ресурстардың сарқылуы елдерге өз даму моделін қайта қарауды талап етті. Осындай жағдайда жасыл экономика ұғымы – экономикалық тұрақтылық пен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жолы ретінде қалыптасты.

Жасыл экономика – бұл табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы экономикалық дамуды экологиялық тепе-теңдікпен үйлестіретін жаңа модель. Оның басты мақсаты – қоршаған ортаға зиян келтірмей, қоғамның әл-ауқатын арттыру және болашақ ұрпаққа табиғи байлықты сақтау.

Қазақстан үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Себебі еліміз табиғи ресурстарға бай болғанымен, экологиялық мәселелер де жетерлік: ауа мен судың ластануы, өндіріс қалдықтарының көбеюі, климаттың өзгеру салдарынан ауыл шаруашылығына келген шығындар барлығы экономикалық даму сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан мемлекет соңғы жылдары жасыл даму тұжырымдамасын жүйелі түрде іске асырып келеді. 2013 жылы қабылданған «Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы» бұл бағыттағы алғашқы стратегиялық құжат болды. Құжатқа сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстанның экономикасында жаңартылатын энергия үлесін 50 пайызға дейін арттыру, ал су және энергия үнемдеу көрсеткішін бірнеше есеге жақсарту көзделген.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, «Жасыл» экономиканы дамыту аясында республика көлемінде 100-ге жуық жаңа жоба енгізіліпті. Жалпы Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан республикамызда алдыңғы қатарлардың бірінде. Республика бойынша жалпы қуаты 3032,12 мегаватты құрайтын 153 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны жұмыс істейді. Ал өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысан жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6  су, 275,65 мегаваттық 10 жел, 271,25 мегаваттық 6 күн электр стансалары бар.

– «Жасыл экономика» – бұл экономикалық, әлеуметтік және экологиялық даму мәселелерін біріктіретін тұрақты даму тұжырымдамасы. Бұл қоршаған ортаға қысымды азайтуға, табиғи қорларды тиімді пайдалануға, табиғи экожүйелерді сақтауға, табиғи капиталды арттыруға, экологиялық жағынан таза өнімдер шығаруға, халықтың  әл-ауқатын арттыруға, ресурстарды үнемдеп, тиімді тұтынуға бағытталған. Бұл ретте, сала бойынша Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылуда, – дейді басқарма басшысы.

Облысымызда жүзеге асырылған жобалардың ішінде ірі жобалар да бар. Оның бірі – 2021 жылы Сарысу ауданында жүзеге асырылды. Ол жалпы құны 49 миллиард теңгені құрайтын қуаты 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр» стансасы. Сонымен бірге қуаты 9,2 мегаватты құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды. Ал 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр станциясы және Талас ауданында қуаты 13,5 мегаваттық «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» 3 жел  электр станциясы пайдалануға берілді. Олардың әр қайсысының қуаты – 4,5 мегаватт. Ал 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр станциясы іске қосылды. Сондай-ақ, Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр станциясын қосымша 20 мегаватқа кеңейту жұмыстары жүргізілді.

Облыстың ЖЭК нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары жалпы қуаты 2 гигаватты құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтқанда: Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 геговатты құрайтын жел электр станциясы, Сарысу және Талас ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясы жобаларын іске асыру көзделуде.

Бұл облыстың аталған саладағы өз потенциалын тиісті деңгейде пайдаланып отырғандығын көрсетеді. Жоғарыда айтқанымдай, Жамбыл өңірі елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында көшбасшы болып табылады. Бүгінгі таңда облыста жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жоба іске асты. Әр жоба тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашылуына және олардың әл-ауқатының артуына оң серпін берді. Бұл жетістіктер инвесторларды қолдау және аймақтың табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның нәтижесі.

Ғалым Исақовтың айтуынша, Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жалпы қуаты 1000 мегаватты құрайтын жел электр стансасын салу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Осы жерде бір атап өтерлігі, Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының Қазақстан Жамбыл облысындағы зияткерлік өндіріс базасы жобасы қолға алынды. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жобасы аясында бұл аймақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салынғалы тұр. Жобаның жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құрайды. Бұл нысанның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарлануда. Жылдық қуаты бір-екі гигаватты құрайтын жел электр стансасының құрал-жабдығын шығару. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Ал стансаның екінші кезеңі жүзеге асырылған соң мұндағы жұмысшы саны 300-ге жуықтамақ. Ал қос кезеңнің жобалық құны 114 миллион АҚШ долларын құрайды. Жалпы бөлінген жер аумағы 24 гектар.

– Облысымызда осындай Орта Азияда жоқ SANY компаниясының жел генераторларын құрастыратын зауыт құрылысының басталуы қуанарлық жағдай. Өйткені, бұл жоба – облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін растап, тұрақты дамуы мен экологиялық таза технологияларды пайдалану негізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр. Жалпы Президент тапсырмасымен елге инвестиция салған инвесторларға барлық жағдайлар жасалуда. Мәселен, біздің арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан жаңа ел экономикасына пайдасын тигізетін ірі жобаларға инвестициялық преференцияларына толық көлемінде қолдау көрсетілуде. Ең алдымен олар корпоративтік табыс, жер, мүлік салығынан және шетелден құрал-жабдықтарды тасымалдау барысында баж салығынан толығымен босатылады. Бұл инвесторлар үшін үлкен жеңілдік деп санаймын, – дейді басқарма басшысы.

Облысымыздың Қордай ауданында бұған дейін «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасы іске қосылса, енді «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгенің жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған еді. Бүгінде мұнда Германияда жасалған 40 энергетикалық қондырғы орнатылған. Бұл қондырғылармен жылына 50 миллион киловат сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна болса, биіктігі 60 метрді құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, ол 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге қауқарлы.

Сондай-ақ осы өңірде алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының қуаттылығы – 504 киловат болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы – 7 мегаватт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтерген. Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 мегаваттық «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады. Бұдан бөлек, Жуалы ауданында Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасы мен «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын салу жоспарлануда. Бұл жобалар бірнеше жыл қолға алынғанымен, әзірге құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.

Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс істейді. Ал  Меркі ауданындағы  «Меркі-3» шағын су электрстансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. Осылайша жыл санап облысымызда жасыл экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда.

Аймақта күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген. Жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің саны 1,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізілмек.

Жамбыл облысы өңірінде күн инсоляциясының көрсеткіші сағатына 1500-1600 киловатқа дейін жететінін, бұдан Еуропаның көптеген елдерінен артық мүмкіндіктері бар екендігін көруге болады. Бұл көрсеткіш бизнес жобалар үшін өте қолайлы аймақ қатарында. Аудандар бөлінісінде қарасақ, Тараз қаласы мен Байзақ ауданында сағатына – 1465, Меркі ауданында – 1471,  Шуда – 1459, Т.Рысқұловта – 1463, Жуалыда – 1520, Сарысуда – 1520 киловат күн инсоляциясы мүмкіншілігі бар. Облыстың жел энергиясын өндіру бойынша басымдылығын анықтау үшін Қазақстанның жел ресурстарының атласы пайдаланылды. Атлас картасына сәйкес республика бойынша 100 метр биіктіктегі жел жылдамдығының орташа көрсеткіші жел энергиясын дамытудың негізгі алғы шарты болып табылады. Картадан есептеп, салыстырып қарасақ, жел энергиясын дамыту бойынша Қордай, Сарысу, Талас, Шу аудандарымен қатар Мойынқұм ауданында үлкен мүмкіншіліктер бар екендігі байқалады. Қалған аудандарда, картаға сәйкес, жел энергиясын өндіру әлеуеті төмен, желдің жылдамдығы 5 метр секундтан аспайды.

Су ресурстарының мүмкіндіктерін анықтау бойынша табиғи ресурстарды пайдалану жөніндегі басқармамен бірлесіп облыстың өзендері мен су қоймаларының мүмкіндіктері зерттелді. Нәтижесінде облыстың 10 өзені мен су қоймаларында жүзеге асырылуы мүмкін 12 перспективалық жоба анықталды. Стансалардың болжамды қуаты шамамен 140 мегаватты құрайды.

Перспективалы жобалар негізінен тау өзендерінің жоғарғы ағысында тұрған Жуалы, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов пен Қордай аудандарының аумағында орналасқан. Жобалардың бұл тізімі шетелдік және отандық инвесторларға ұсыныс ретінде ұсыну үшін «Қазақ Инвест» компаниясының облыстық филиалына жіберілді. Аталған аудандарға облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, осы жобаларды іске асыру бойынша инвесторларды тарту бойынша жұмыс күшейтілген.