Мал саулығы – ел тыныштығы
Жамбыл өңірінде ветеринариялық-санитариялық ахуалды тұрақты сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте саладағы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда аймақта ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті инфекциялық аурулар тіркелмеген. Бұл – ветеринариялық қызмет мамандарының алдын алу, диагностикалау және залалсыздандыру бағытындағы тұрақты жұмысының нәтижесі.
Биыл өңірдегі мал басын түрлі аурулардан қорғау мақсатында 16,3 миллион вакцинация және 5,3 миллион диагностикалық іс-шара өткізу жоспарланған. Жыл басынан бері оның едәуір бөлігі орындалып, 9,5 миллион вакцинация және 3,8 миллион диагностикалық жұмыс жүргізілген.
Ветеринария саласындағы маңызды бағыттың бірі – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру. Бұл жұмыстар мал басының нақты есебін жүргізіп қана қоймай, олардың қозғалысын бақылауға, аурудың алдын алуға және ветеринариялық іс-шараларды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. 2026 жылы облыста 1 миллион 327 мыңнан астам төлді бірдейлендіріп, дерекқорға енгізу көзделген. Бүгінгі күнге дейін 1 миллион 203 мыңнан астам төл тиісті есепке алынған. Ал ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық базасында жалпы саны 4 миллион 561 мыңнан астам мал тіркеліп отыр.
Жамбыл облысында эндемиялық аймаққа жататын 42 елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары ерекше бақылауда. Бұл бағыттағы шаралар көктемгі және күзгі кезеңдерде жүргізіледі. Биыл жалпы көлемі 5,5 миллион шаршы метр болатын 24 мыңнан астам қора-жайды, 142 мың шаршы метр буферлік аумақты және 472 мың бас ауыл шаруашылығы жануарын залалсыздандыру жоспарланған.
Көктемгі бірінші және екінші кезеңдерде жоспарланған жұмыстар толық орындалған. Аталған елді мекендердегі қора-жайлар мен буферлік аумақтар өңделіп, белгіленген мал басы да залалсыздандырылған. Бұл іске 40 маман, 10 арнайы дезинфекциялық көлік және 21 ранцтік аппарат тартылған. Қазіргі уақытта күзгі үшінші кезеңнің залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сібір жарасының алдын алу да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде облыс аумағында осы ауруға қатысты 189 көмінді орны есепке алынған. Биыл ауыл шаруашылығы жануарларынан сібір жарасының қоздырғышы анықталмаған және жаңа ошақтар тіркелмеген. Бұл бағыттағы профилактикалық шаралардың тұрақты жүргізілуінің маңызы зор.
Саланы материалдық-техникалық тұрғыдан нығайтуға да басымдық берілуде. Биыл облыста 30 ветеринариялық пункт пен 11 биотермиялық шұңқыр салуға қаржы қарастырылған. Аталған нысандардың іске қосылуы елді мекендердегі ветеринариялық қызметтің қолжетімділігін арттырып, аурулардың алдын алу жұмыстарын жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Аппараттық кеңесте облыс әкімі сала мамандарына бірқатар нақты тапсырма берді. Жыл соңына дейін вакцинация мен диагностикалық іс-шаралардың бекітілген жоспарын толық орындау, төлдерді бірдейлендіру жұмыстарын аяқтау міндеті қойылды.
Бұдан бөлек, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында күзгі залалсыздандыру жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде жүргізу тапсырылды. Құрылысы баяу жүріп жатқан ветеринариялық пункттер мен биотермиялық шұңқырлар да жеке бақылауға алынып, олардың уақытында пайдалануға берілуі талап етілді.
Ветеринария саласындағы алдын алу шараларының уақытылы әрі сапалы орындалуы – мал шаруашылығының тұрақты дамуының ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің де маңызды кепілі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі өңір үшін өзекті міндет болып қала береді.