Сақтық – адам өмірін сақтайтын басты қағида

0 5

Жазғы маусым қарсаңында құтқарушылар тұрғындарға сақтық шараларын күшейтуді ескертті.

Жаз мезгілінің басталуымен бірге тұрғындардың су айдындарында демалуға деген қызығушылығы артады. Алайда шомылу маусымы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді. Сонымен қатар көпқабатты үйлердегі балалар қауіпсіздігі де күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Шомылу маусымына дайындық және балалардың терезеден құлау қаупі» тақырыбындағы брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар мен сақтық шаралары жөнінде кеңінен мәлімет берді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Арман Смайловтың айтуынша, Жамбыл облысының аумағында 100-ден астам өзен мен 112 тоған бар. Дегенмен олардың барлығы бірдей шомылуға қолайлы емес. Кейбір су айдындары тұрғындар үшін аса қауіпті саналады.

Осыған байланысты өңірде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда арнайы қаулымен бекітілген 11 су айдынында ғана шомылуға рұқсат берілген. Мамандар аталған орындарды қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүргізіп, демалыс аймақтарының иелеріне тиісті ұсынымдар берген.

Қауіптің алдын алу мақсатында облыс аумағындағы қауіпті су айдындарында ескерту белгілері орнатылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары күшейтілуде. Әсіресе мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына арналған профилактикалық кездесулер ұйымдастырылып жатыр.

Сонымен қатар жазғы кезеңде төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері мен еріктілер бірлесіп өзен-көлдер мен тоғандарда тұрақты рейдтік шаралар өткізеді. Демалыс және мереке күндері бақылау күшейтіліп, тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болады.

Бүгінде облыс бойынша қауіпті аумақтарға 360 ескерту белгісі, 23 билборд және 12 ақпараттық стенд орнатылған. Мамандар олардың санын көбейтіп, жаңарту жұмыстарын жалғастыруда.

Брифинг барысында тағы бір өзекті мәселе – балалардың терезеден құлау оқиғалары сөз болды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері Ғалымжан Жанқораздың мәліметінше, биыл өңірде кәмелетке толмаған балалардың терезеден құлауына байланысты үш жағдай тіркелген.

Ал өткен жылы мұндай оқиғалардың саны алтауға жеткен. Соның салдарынан бес бала түрлі жарақат алып, бір бүлдіршін көз жұмған. Оқиғалардың басым бөлігі балаларды қараусыз қалдыру және терезелердің қорғаныс құралдарымен жабдықталмауы салдарынан орын алған.

Мамандардың айтуынша, ата-аналар әсіресе жаз мезгілінде сақтық шараларын күшейтуі қажет. Терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату, балаларды жалғыз қалдырмау және қауіпсіздік ережелерін түсіндіру қайғылы жағдайлардың алдын алудың тиімді жолы болып табылады.

Осы мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында биыл сәуір айында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өткізіліп, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктелген.

Құтқарушылар тұрғындарды жазғы демалыс кезінде судағы және тұрмыстағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Себебі сақтық – адам өмірін сақтайтын басты қағида.