Қауіпсіздік сабағы – құтқарушылар бөлімінде

0 5

Тараз қаласында оқушылар үшін танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Тараз қаласындағы №7 орта мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерінде демалып жүрген 130-ға жуық оқушы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне арнайы экскурсия жасап, құтқарушылардың қызметімен жақынырақ танысты.

«Ашық есік күні» аясында өткен іс-шара барысында балалар өрт сөндіруші-құтқарушылардың күнделікті жұмысымен танысып, арнайы техника мен құрал-жабдықтардың мүмкіндіктерін көрді. Сондай-ақ бөлімнің мұражайын аралап, төтенше жағдайлар қызметінің қалыптасу тарихы мен сала ардагерлерінің еңбектері жөнінде мәлімет алды.

Кездесу барысында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары оқушыларға жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік талаптарын жан-жақты түсіндірді. Әсіресе өрт қауіпсіздігін сақтау, су айдындарында шомылу кезіндегі сақтық шаралары, тұрмыстық өрттің алдын алу жолдары және төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мамандар балаларға қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі екенін айтып, түрлі мысалдар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құтқарушылар мамандығының қыр-сырымен танысуға мүмкіндік алды.

Мұндай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың жауапкершілік сезімін арттыруға және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы білімдерін кеңейтуге ықпал етеді.