Ұрпақ тәрбиесінің тірегі – отбасы
Т. Рысқұлов ауданында өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі отбасының рөлін арттыруға арналған «Ұрпақ тәрбиесінің тірегі – отбасы» атты форум өтті. Тағылымды басқосуға ата-аналар, педагогтер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен түрлі сала мамандары қатысып, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Форум барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасындағы тәрбие мәдениетін нығайту және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыптары кеңінен қозғалды. Қатысушылар қоғамдағы тәрбиенің негізі отбасынан басталатынын айтып, ата-ана жауапкершілігінің маңызын ерекше атап өтті.
Жиында Т. Рысқұлов ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нұрболат Қадырханов арнайы баяндама жасап, «Қауіпсіз жазғы каникул» тақырыбында маңызды мәселелерге тоқталды. Ол жаз мезгілінде балалар арасында жиі кездесетін қауіп-қатерлерге назар аударып, ата-аналарды сақтық шараларын күшейтуге шақырды.
Баяндамашы су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, өрттің алдын алу, балалардың терезеден құлау жағдайларын болдырмау және кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмау мәселелерін кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың да маңызы айтылды.
Форум қорытындысында қатысушылар бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі – тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті деген пікірге тоқталды.