Жобалар ел игілігіне қызмет етуде

0 4

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Ауылшаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» екенін айта келіп, бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің барына тоқталған болатын. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек екенін, ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін ірі экожүйе қалыптастыру қажеттігін алдымызға қойған еді.

Бүгінгі күні Мойынқұм ауданының аграрлары бұл талаптан шығып келеді. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Надиргужиннің айтуынша, биылғы жылы 4,5 мың гектар жерге егістік егілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 346 га артық. Одан бөлек 3,5 мың гектар көпжылдық мал азығы алқабы бар.

– Президентіміз халыққа арнаған Жолдауында елімізде агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін, шаруаларға субсидия беру, қаржыландыра отырып ауыл шаруашылығын көтеру керектігін айтты. Өздеріңізге белгілі, әлемде халық санының өсіміне байланысты, сапалы азық-түлік тауарларына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Ауыл шаруашылығында шикізат секторымен бірге қайта өңдеу саласын жан-жақты дамыту кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Өңірде ауылшаруашылығын қаржыландыру талапқа сай атқарылуда. Мәселен, бүгінге дейін сегіз шаруа қожалыққа тауарлық несие берілген. Қазіргі уақытта төрт шаруа 116 қой, 40 бас мүйізді ірі қара алу үшін келісім-шартқа отырған, – дейді бөлім басшысы.

Жалпы Президентіміз әрбір Жолдауында ауылшаруашылығын дамытуға айрықша басымдық беріп келеді. «Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды», деп агросалаға басымдық бергені де белгілі. Осы ретте Мойынқұм ауданында түйе шаруашылығын дамыту бойынша арнайы жоспар құрылып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында бір агроқұрылым құру жоспарланған. Бұл жоспар бойынша жоба аясында Мойынқұм ауылдық округінде «Верблюд» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, құжаттары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына» акционерлік қоғамында зерделенуде екен.

Сондай-ақ аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Е.Надиргужиннің айтуынша, мал шаруашылығы саласында төрт түлік басының өсуі байқалады. Бүгінгі күні мүйізді ірі қара – 65286, қой-ешкі – 170659, жылқы – 15969, түйе – 1304 басқа жетсе, үй құстары 18370-ті құраған. Мал басы есебінен тірі салмақта 2856,4 тонна, сойыс салмақта 1647,6 тонна ет өндірілген. Ал бұл кезеңде 1586,1 тонна сүт өндіріліп, өңдеуге жіберілген. Құс шаруашылықтары 1185,9 мың жұмыртқаны нарыққа өткерген.

Ауылшаруашылығы техникасын жаңғырту жұмыстары да талапқа сәйкес қолға алынған. Мәселен, ауданда көктемгі дала жұмыстарына өндірістік кооперативтердің және «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің 37 техникасы жұмылдырылды. Оның 19 трактор, сегізі соқа, жетеуі қопсытқыш, үшеуі дән сепкіш. Ауылшаруашылығы техникасының жаңару деңгейі де жоғары. Атап айтсақ, былтыр ауданда 53 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған.

Былтырғы жылдары елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында аудандық  тиісті жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде Шу өзенін байлап, тоғандарға ағын су шығару жұмыстары үшін 23,6 миллион теңге бөлініп, жұмыстары толық аяқталған. Атап айтар болсақ, Бірлік ауылы, Биназар каналының бас бөлігін байлау жұмыстары үшін – 5,5 миллион теңге, Назарбек ауылындағы «Байбарақ» каналдың бас бөлігін байлау жұмыстарына – 6,8 миллион теңге, Көкжелек каналын байлау жұмыстарына – 5  миллион теңге, Жамбыл ауылындағы «Алайғыр» каналын байлау үшін – 1,5, Қызылотау ауылындағы Шу өзенін байлау үшін – 2,4, Мойынқұм ауылындағы «Ақиық» тоғанын байлау үшін – 2,4 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған.

Ал тоғандарды механикалық тазалау жұмыстары үшін 23,1 миллион теңге бөлініп, мұндағы жұмыстар да аяқталған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Құмөзек» тоғанының 5 километрін тазалауға 4,2, «Күшаман» тоғанына – 8,5, «Бірлік-1», «Бірлік-2» тоғандарын тазалауға – 5,9, «Богдан» тоғанына 2,3, «Алайғыр» тоғанын тазалауға – 1,7 миллион теңге жұмысалған.

Бөгет жасау және оларды күшейту жұмыстарына 9,5 миллион теңге бөлініп, Қарабөгет ауылындағы каналдың бас бөлігіне Шу өзеніне бөгет жасау және Қылышбай ауылындағы тоғанның жағасын нығайту жұмыстары аяқталса, «Радай» және «Шу» өзені жағасын нығайту жұмысы да атқарылуда. Қарабөгет ауылындағы каналдың бас бөлігіне Шу өзеніне бөгет жасау үшін – 3,7, «Радай» және «Шу» өзені жағасын  нығайтуға – 4,7, Қылышбай ауылындағы тоғанның жағасын нығайтуға 1,5 миллион теңге жұмсалған.

Гидроқондырғыларды қалпына келтіру жұмыстары үшін 19,1 миллион теңге қарастырылып, жұмыстары аяқталып отыр. Бұл қаржының 2,8 миллион теңгесі Жамбыл ауылына қарасты «Алайғыр» тоғанында шлюз орнатуға жұмысалса, Жамбыл ауылдық окугіндегі шлюзін қалпына келтіру үшін – 8,4, Қылышбай ауылдық округіндегі шлюзін қалпына келтіру үшін 7,9 милион теңгенің жұмысы атқарылған.

Жалпы аудандағы 22 каналдың 10 каналы облыстық «ҚазСушар» РМК мекемесіне тиесілі. Қазіргі уақытта «ҚазСушар» мекемесінің теңгеріміндегі 6 каналды бетондау аясында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл құжаттар сараптамадан өтіп, қаржы бөлінген жағдайда «Сану», «Коминтерн», «Оңғарбай», «Көкжелек», «Байбарақ» және «Күшаман» каналарына қайта су түсіп, арна тамырына қан жүгіреді деген сенім бар.