Емханада өрт кезіндегі әрекет пысықталды

0 4

Т. Рысқұлов ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және жедел әрекет ету даярлығын арттыру мақсатында өрт-тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Тәжірибелік сабақ Луговой ауылындағы емхана ғимаратында өтті.

Оқу-жаттығуға Құлан ауылындағы №10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері қатысып, медицина мекемесіндегі шартты өртті сөндіру бойынша іс-қимылдарын көрсетті. Іс-шара барысында өрт шыққан жағдайда науқастар мен медицина қызметкерлерін қауіпсіз аймаққа көшіру тәртібі пысықталып, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері де назардан тыс қалмады.

Құтқарушылар ғимараттың эвакуациялық шығу жолдарын тексеріп, өрт гидранттарының орналасуы мен техникалық жағдайына бақылау жүргізді. Сонымен қатар медицина мекемесі қызметкерлеріне өрт кезінде сабыр сақтап, белгіленген қауіпсіздік талаптарын орындаудың маңызы түсіндірілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибелік сабақтар төтенше жағдай орын алған сәтте уақытты тиімді пайдаланып, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ күштік құрылымдар мен мекеме қызметкерлерінің өзара үйлесімді әрекет етуіне ықпал етеді.

Өрт-тактикалық жаттығу барысында барлық қызметтердің дайындық деңгейі тексеріліп, қауіпсіздік шараларын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қарастырылды.