Нарықта өз орны бар кәсіпкер

0 5

Тараздық жеке кәсіпкер Григорий Повстянко өзінің кәсіпкерлік қызметін 2011 жылы бастаған. Бүгінгі күні «Повстянко Г.О.» жеке кәсіпкерлігі соңғы он жылда өз брендін қалыптастырып үлгерді. Кәсіпкер матрацтар өндірумен айналысады. Қазақстан нарығындағы өнімдер «AVERO» matras fabrikasy» сауда белгісімен белгілі. Компания ортопедиялық серіппелі-матрацтардың 30-дан астам түрін, тәуелсіз серіппелі блок, серіппесіз, мақта, көбік өндіріп өткерумен айналысып келеді.

– Бизнестегі алғашқы қадам оңай болған жоқ. Ресурстардың шектеулілігі, шағын ғимаратта бірнеше ғана қызметкермен жұмыс бастадық. Дегенмен табандылықтың, еңбекқорлықтың және өз кәсібіме деген сенімнің арқасында заманауи жайлылық пен денсаулық талаптарына сай сапалы матрастардың тұрақты өндірісін жолға қою мүмкін болды, – дейді кәсіпкер.

Уақыт өте келе «AVERO Matras Fabrikasy» сауда белгісімен шығарылатын өнімдер тек Таразда ғана емес, Қазақстанның көптеген өңірлерінде де тұтынушылардың ықыласына ие болды. Өндірісте 19 қызметкер еңбек етеді, олардың әрқайсысы ортақ іске өз үлесін қосуда.

Сұранысқа қарай зауытта айына 3 мыңға дейін матрас дайындауға мүмкіндіктері бар. Дайын өнімнің басым бөлігі Тараз қаласындағы жиһаз сауда орталықтары мен базарларға өткеріледі. Орта есеппен өнімнің 500-600 данасы сауда орталықтарына түскен сәтте-ақ өтіп кетеді екен. Өзге облыстарға да сұранысқа қарай тасымалданып отырады. Отандық өнімнің Қытай мен Ресейден жеткізілетін матрацқа қарағанда сапасы да жоғары көрінеді.

– Аймақта біз өндірген өнімге сұраныс жоғары. Сұранысқа қарай жұмыс қарқынын арттырудамыз. Қарапайым халық матрасқа төсеніш құралы  ретінде қарайды. Шынтуайтында олай емес, біз оның медициналық жағынан ондаған түрге бөліп, қатты, жұмсақ және омыртқа, буын ауырлары мен басқа да сырқаттардың талабына жауап беретіндей етіп жасаудамыз. Біздің тұрақты алушыларымыз кейде матрасқа арнайы тапсырыс беріп жатады. Ол кезде тапсырыс берушінің жасына, салмағы мен сырқат тарихына қарап қолайлы етіп жасап береміз. Жайлы матрас адамның ұйқысын тыныш етеді. Біз отандық нарықты жаулап алу үшін сапаға жұмыс істейміз, – дейді ол.

Матрастың адам денсаулығына тигізер пайдасы зор. Оны медицина саласының мамандары да мойындайды. Осы талаптан шыға білген зауыттың өніміне сондықтан да сұраныс артқан.

Жеке кәсіпкер Григорий Повстянконың айтуынша, матрас цехында жұмыс жүйесі қалыптасқан. «Зауыт қызметкерлері он төрт жылдан бері табысты еңбек етіп жатыр. Барлығын да өзіміз үйретіп, осы саланың маманы етіп дайындап шықтық. Мұндағы қызметкерлердің еңбек жалақысы да жоғары. Зауыттың Астана, Алматы, Шымкент пен Қызылорда қалаларында филиалдары да ашылған. Біз еліміздің әр өңірінен зауыт филиалдарын ашу арқылы отандық өнім желісін бір қалада ғана емес, ел көлемінде дамытуды көздедік. Бұл қадамға барар сәтте көлік логистикасы мен зауыттың экономикалық тиімділігін назарға алдық», – дейді ол.

Зауытқа қажетті шикізаттың басым бөлігі Ресей мен Қытай мемлекеттерінен жеткізілсе, он пайызын отандық өнім құрайды. Дайын өнімнің бағасы да халық үшін қолжетімді. Әрбір мартастың белгілі мерзімдік кепілдік мерзімі бар. Ол жауапкершілікті зауыт өз жауапкершілігіне алған.

Компания ұжымы ұйымшыл, жауапты және үздіксіз жетілуге ұмтылады. Кәсіпкер персоналды оқытуға, өнім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп, өндіріске жаңа технологиялар мен материалдарды батыл енгізіп отырады.

– Кәсіпорынның дамуына серпін берген маңызды кезеңдердің бірі «Өрлеу» бағдарламасы аясындағы қолдау болды. Оның арқасында жаңа ғимарат сатып алып, өндіріс көлемін ұлғайтып, ассортиментті кеңейттік. Мемлекеттік қолдау брендтің бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруға және ішкі нарықтағы позициямызды нығайтуға мүмкіндік берді, – дейді жеке кәсіпкер Григорий Повстянко.