Шуда жүгеріні терең өңдейтін зауыт салынып жатыр

0 5

Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағы бүгінде ірі инвестициялық жобалардың шоғырланған орталығына айналып келеді. Мұнда жүзеге асырылып жатқан өндірістік бастамалар аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға тың серпін беруде. Соның ішінде қытайлық «Shenqtai Biotech CO. LTD» компаниясы қолға алған жүгеріні терең әрі қалдықсыз өңдейтін зауыт құрылысы ерекше маңызға ие.

Жоба аясында бой көтеріп жатқан өндіріс орны агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Компания өкілдерінің мәліметінше, кәсіпорын алғашқы кезеңде жылына 500 мыңнан 1 миллион тоннаға дейін жүгері өңдеуге қауқарлы болмақ. Ал алдағы уақытта өндіріс толық қуатына шыққанда бұл көрсеткіш 3 миллион тоннаға дейін ұлғаяды деп жоспарланған.

Ірі жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 420 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған кезде 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар өндіріс орнында жергілікті тұрғындарға басымдық беріліп, мамандардың 90 пайызын қазақстандық азаматтар құрайды.

Компания басшылығының айтуынша, зауытта жүгеріні терең өңдеу арқылы лейцин, изолейцин, валин, глутамин, цитрулин секілді амин қышқылдары өндірілмек. Бұдан бөлек, крахмал, глюкоза және мал азығы дайындалады. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылығы өнімдерін тиімді пайдаланып, қосымша құн қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің пікірінше, аталған жоба Мемлекет басшысы жүктеген ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу міндетін жүзеге асырудағы маңызды бастамалардың бірі. Аймақ басшысы мұндай өндірістер өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тың серпін беріп, шаруалардың табысын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Компания жүгері шикізатын негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінен сатып алуға ниетті. Сондай-ақ шаруалар жүгері алқаптарын ұлғайтуға қызығушылық танытқан жағдайда техникалық қолдау көрсетуге дайын екендерін айтады. Өнім нарықтық баға жүйесі арқылы қабылданады.

Зауыттың тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік жағдайға басымдық берілуі. Мұнда қызметкерлерге арналған жатақханалар мен тұрғын үйлер қарастырылған. Жұмысшыларды тасымалдауға арналған арнайы көліктер де ұйымдастырылады. Ал қызметкерлердің жалақысы атқаратын міндетіне қарай 200 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін белгіленбек.

Сонымен қатар компания жоғары білікті мамандар даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөліп отыр. Осы бағытта Жамбыл облысы мен Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылып, бірқатар студент Қытайда тағылымдамадан өткен. Олар болашақта жаңа технологияларды меңгеріп, өндіріс жұмысына тартылмақ.

Мамандардың айтуынша, кәсіпорын биыл ішінара жұмысын бастауды жоспарлап отыр. Ал өндірілген өнім алдағы уақытта Еуропа елдері мен Солтүстік Африка нарығына экспортталмақ.

Шу ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай ауқымды жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және ауылшаруашылығы саласын дамытуға үлкен мүмкіндік беруде.