Қауіпсіздік мәдениеті – басты назарда

0 2

Әулиеата өңірінде Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай ұйымдастырылған кең ауқымды іс-шаралар өз мәресіне жетті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Валихан Валиев атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады.

Оның айтуынша, «Тұрақты және қауіпсіз болашақ үшін экологиялық тәуекелдерді басқару» тақырыбында өткен азаматтық қорғаныс айлығы аясында халықтың қауіпсіздік сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Әсіресе, өскелең ұрпаққа төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібін үйрету негізгі бағыттардың бірі болды.

Облыстық білім басқармасының қолдауымен мектептерде интерактивті сабақтар мен арнайы кездесулер ұйымдастырылып, оқушыларға қауіп төнген жағдайда дұрыс әрекет ету жолдары түсіндірілді. Бұдан бөлек, «Экологиялық төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керек?» тақырыбында ашық сабақтар, байқаулар, конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Түрлі форматтағы іс-шараларға 4 мыңға жуық оқушы белсенді қатысқан.

Қауіпті өндірістік нысандарда практикалық сабақтар өткізіліп, қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтау дағдылары жетілдірілді. Ал, департамент бөлімшелерінде өткен «Ашық есік күндері» аясында оқушылар, мұғалімдер және студенттер құтқару техникалары мен арнайы жабдықтардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, су тасқыны, өрт және химиялық заттардың төгілуі кезінде әрекет ету бойынша 2 мыңнан астам жадынама таратылды.

Айлық барысында өңірдің қала және аудандарында шартты экологиялық төтенше жағдайлардың салдарын жоюға бағытталған командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізілді. Су тасқыны мен орман өрттеріне қарсы тактикалық-арнайы жаттығулар да ұйымдастырылып, тиісті қызметтердің дайындығы пысықталды. Халықты құлақтандыру жүйелерінің жұмысын тексеру мақсатында 500 сейсмикалық жаттығу жүргізілген.

Сондай-ақ экологиялық тәуекелі жоғары елді мекендерде эвакуациялық іс-шаралар өткізіліп, тұрғындардың қауіпсіз жерге көшу алгоритмдері нақты көрсетілді. Мектептер, медициналық ұйымдар және өзге де әлеуметтік нысандарда төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету тәртібі тәжірибе жүзінде таныстырылды.

Жасөспірімдер арасында да танымдық әрі бәсекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 7-9 сынып оқушылары «Азаматтық қорғаныс білгірлері» атты офлайн квиз-ойындарға қатысса, колледж студенттері алғашқы әскери дайындық сабақтары мен спорттық эстафеталарда бақ сынады.

Іс-шаралар тек оқу-жаттығулармен шектелмей, сала ардагерлері мен үздік қызметкерлерді, сондай-ақ еріктілерді марапаттау рәсімдерімен толықты. Бұл азаматтық қорғау саласында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін бағалауға бағытталған маңызды қадам болды.

Жалпы алғанда, өткізілген барлық шаралар өңір тұрғындарының қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға бағытталды.