Өрттің алдын алу – ортақ міндет
Әулиеата өңірінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жыл басынан бергі ахуал мен алдын алу шаралары туралы кеңінен баяндады.
Мамандардың мәліметінше, биыл облыс аумағында 104 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 2 адам жарақат алып, 1 тұрғын көз жұмған. Тілсіз жаудан келген материалдық шығын көлемі 10 миллион теңгеден асады. Өрттің туындауына көбіне электр сымдарының қысқа тұйықталуы, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі және отты абайсыз пайдалану себеп болып отыр.
Дегенмен, қауіптің алдын алу бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Әсіресе, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың тұрмысына ерекше көңіл бөлінуде. Мамандар мұндай отбасылардың үйлерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көміртек тотығын анықтайтын арнайы датчиктер орнатқан.
Жылыту маусымы кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ауқымды профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылған. Департамент қызметкерлері 12 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 66 мыңға жуық адамға өрттің алдын алу бойынша нұсқаулықтар таратқан. Сонымен қатар, жылыту пештері мен электр құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі бойынша 700-ге жуық жиын өткізілген.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбектің айтуынша, халықпен байланыс орнату да басты назарда.
– Азаматтарға жедел кеңес беру және қажетті ақпарат ұсыну мақсатында арнайы «Жедел желі» іске қосылды. Бұл тұрғындардың сұрақтарына уақытылы жауап беріп, қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда, – деді ол.
Брифинг барысында заңнамадағы жаңашылдықтар да назардан тыс қалмады. Департаменттің техникалық нормалау бөлімінің бас маманы Ербол Несіпбайдың айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен бірқатар өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, адамдар көп жиналатын нысандарды пайдалануға беру кезінде олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін анықтайтын қорытынды алу тәртібі жетілдірілген.
Жалпы, өңірде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың барлығы төтенше жағдайлардың алдын алуға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мамандар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін ескертеді.