Оқушылар өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты

0 2

Т.Рысқұлов ауданында жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастамасымен Құлан ауылындағы №10 өрт сөндіру бөлімінде оқушыларға арналған «Ашық есік күні» өтті.

Танымдық іс-шара барысында мектеп оқушылары өрт сөндіру бөлімінің тыныс-тіршілігімен жақын танысты. Қызметкерлер арнайы техникалар мен заманауи құрал-жабдықтардың жұмыс істеу ерекшеліктерін көрсетіп, олардың төтенше жағдайлар кезінде атқаратын рөлі туралы кеңінен баяндады.

Сонымен қатар, мамандар өрт кезінде сақталуы тиіс негізгі қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, шұғыл эвакуация жасау жолдарын көрсетті. Алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері де назардан тыс қалмады. Теориялық ақпарат тәжірибемен ұштасып, балаларға арнайы өрт сөндірушілердің киімдерін киіп көруге мүмкіндік берілді.

Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың төтенше жағдайларға дайын болуына ықпал етіп қана қоймай, олардың жауапкершілік пен сақтыққа деген көзқарасын қалыптастыруға сеп болары анық.