Антына адал маман

0 30

Қоғам тыныштығын күзетіп, тілсіз жаумен арпалысуды өмірлік міндетіне айналдырған жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Солардың бірі – Тараз қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Мұқтар Әбілдаев.

Байзақ ауданына қарасты Сеңкібай ауылында дүниеге келген ол еңбек жолын ерте айқындаған. Мектеп қабырғасын тәмамдаған соң Зайсан өңірінде әскери борышын өтеп, тәртіп пен жауапкершілікті жанына серік етті. Ал 2015 жылдан бастап өрт сөндіру қызметіне келіп, бүгінге дейін осы салада табанды еңбек етіп келеді.

Қызмет барысында түрлі деңгейдегі өрттер мен төтенше жағдайларға қатысып, талай рет адам өмірін арашалап, материалдық шығынның алдын алуға үлес қосқан. Әсіресе, 2026 жылы Тараз қаласындағы Өзбек көшесінде болған өрт кезінде оның кәсіби шеберлігі мен батылдығы айқын көрінді. Әріптестерімен бірге тілсіз жаудың таралуына тосқауыл қойып, жақын маңдағы тұрғын үйлерді сақтап қалды. Сонымен қатар, тұрғындарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын ұйымдастырды.

Қызметтен тыс уақытта да ол отбасының тірегі. Жұбайы Гүлмирамен бірге төрт бала тәрбиелеп отырған ардақты әке – жас ұрпаққа үлгі боларлық тұлға.

Өз ісіне адалдық пен жауапкершілікті ту еткен Мұқтар Әбілдаев сынды мамандар – ел қауіпсіздігінің сенімді қалқаны.