Негізгі басымдық – су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсарту
Диқан қауымы үшін ағын судың маңызы зор. Бүгінгі күні облыста жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінде ирригация жүйесіне қатысты жұмыстар көптеп атқарылуда. Соның бірі – Шу ауданында ирригациялар жүйесін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жобалар. Бүгінгі күні ауданда Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы аясында жалпы ұзындығы 263 шақырымнан асатын 42 каналды жөндеу және реконструкциялау жұмыстары басталды. Оның ішінде екі магистральды каналды қоса алғанда, 120 шақырым канал толық бетондалады.
Осы нысанның құрылысына бөлінген қаражаттың игерілуін және облысымызда атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысу үшін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Шу ауданындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жобаларының іске асырылу жайын көрді.
Мұндағы жұмыстарға алты мердігер ұйым қатысып жатыр. Сондай-ақ 100-ден астам арнайы техника мен 240-тан аса адам жұмылдырылған. Жобаны іске асыру ауданның 31 мың гектар суармалы жерінің мелиорациялық жағдайын жақсартып, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Барлық құрылыс-монтаж жұмысы 2027 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, биыл Ислам даму банкінің қолдауымен ұзындығы 415 шақырымды құрайтын 76 каналды жаңғырту жобасы әзірленген. Бұл шара 24877 гектар алқапқа ағын су жеткізуді жақсарта түспек. Бұдан бөлек, 2028 жылға дейінгі су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, Жамбыл облысында 10 жаңа су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 3 су қоймасы реконструкциядан өткізіледі. Сондай-ақ 45 гидротехникалық нысанға көп факторлы зерттеу жүргізу жоспарланған. Соның ішінде Ақмола және Қалғұты су қоймаларының құрылысын бастау жоспарланған. Сонымен қатар Теріс-Ащыбұлақ және Қарақоңыз су қоймалары реконструкциядан өткізу көзделген. Ал облыс әкімдігі тарапынан 7 жаңа су қоймасының жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында су шаруашылығы саласын дамыту үшін ирригациялық жүйелерді жаңғыртудың маңызын атап өтті. Осы бағытта біз шетелдік серіктестермен тығыз жұмыс істеп келеміз. Мысалы, былтыр Финляндия Президенті Александр Стуббтың Қазақстанға ресми сапары аясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Финляндия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану мен басқару, тәжірибе және заманауи технологиялар алмасу, сондай-ақ екі елдің тиісті мемлекеттік органдары арасындағы институционалдық және ғылыми-техникалық байланыстарды нығайту бағытындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді.
Меморандум сондай-ақ суды өнеркәсіптік жолмен тазарту және қайта пайдалану технологияларын дамыту, су үнемдеу технологияларын қолдану тәжірибесімен алмасу, деректер жинау, су есебін цифрландыру және су мониторингі салаларында инновациялар мен технологиялармен бөлісуді көздейді. Сонымен қатар тараптар су тасқыны мен құрғақшылық қаупін басқару бойынша тәжірибе алмасуға ниетті. Құжатта бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және білікті мамандар даярлау жоспарланған, оның ішінде жерасты суы мен су дипломатиясы салаларында да кадрлар дайындау қарастырылған.
Бұл меморандум – үздік тәжірибелер мен инновациялық шешімдерді енгізуге жол ашатын бірлескен бастамалар мен жобаларды жүзеге асырудың маңызды қадамы. Қазіргі уақытта Қазақстанда су шаруашылығы саласын жаңғырту мен тұрақты дамытуға бағытталған ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Біз Финляндияның су ресурстарын тиімді басқару, инновациялық технологияларды енгізу және тұрақты су пайдалану тәжірибесін жоғары бағалаймыз. Мұндай халықаралық озық тәжірибені енгізу ортақ мақсаттарға жетуімізге көмектеседі. Мұндай заманауи жобалар Жамбыл өңірінде жүзеге асыруда. Атап айтсам, «Өтеміс» каналын реконструкциялау кезінде заманауи неміс технологиялары қолданылып, олардың тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденді, – дейді Нұржан Молдиярұлы.
Министр Шу ауданына сапары аясында «Масақ-Ақтөбе», «Естемес» және «Беймембет» каналдарындағы жұмыстармен танысты. Қазіргі уақытта каналдарды бетондау және науаларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ министр Сол жағалау магистральды каналындағы жұмыстардың барысымен танысты. Оның жалпы ұзындығы — 37,7 шақырым. Бұл нысанды реконструкциялау 9349 гектар суармалы жерге су жеткізуді жақсартуға бағытталған. Қазіргі уақытта нысанда механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нұржан Нұржігітов жалпы ұзындығы 50 шақырымнан асатын Оң жағалау магистральды каналы мен «Бірлік» және «Больничный-1» каналдарын реконструкциялау жұмыстарымен де танысты. Қазіргі таңда каналдарды бетондау және жекелеген учаскелерді қамыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыс сапары Тасөткел магистральды каналында жалғасты. Қазіргі уақытта нысан бойында орналасқан жалпы ұзындығы 18,7 шақырымды құрайтын төрт каналда науаларды демонтаждау, бетондау және шөптерден тазарту жұмыстары басталды. Сонымен қатар министр жалпы ұзындығы 86,5 шақырым болатын тоғыз каналды құм мен шөптерден механикалық тазарту жұмыстарының барысымен, сондай-ақ жалпы ұзындығы 20 шақырымнан асатын жеті каналда бетондау, темірбетон науаларын орнату және гидротехникалық нысандар салу жұмыстарымен танысты.
Жалпы алғанда Жамбыл облысында «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы Байзақ, Меркі, Сарысу, Талас және Шу аудандарында жалпы ұзындығы шамамен 400 шақырым болатын 71 каналды қайта жаңғыртуды көздейді. Су шаруашылығы нысандарын тексеруді аяқтағаннан кейін Нұржан Нұржігітов Шу ауданы әкімдігінде мердігер ұйымдар өкілдерімен инфрақұрылым жобаларын сапалы жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
– Бұл жобалардың мақсаты – суару каналдары мен ондағы нысандардың техникалық жай-күйін қалпына келтіріп, су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы мелиорациялық жағдайды жақсарту. Нысандардың жағдайымен танысқаннан кейін алдағы жылғы вегетация кезеңінің тұрақты өтуі үшін жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жергілікті билік өкілдеріне тапсырдым, – дейді министр.
Атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен жақынырақ танысқан Су ресурстары және ирригация министрі өңір активімен арнайы кездесті. Өз сөзінде аймақта атқарылып жатқан жұмыстар мен жергілікті су шаруашылығын дамытуға бағытталған алдағы жоспарлар туралы баяндады. Кездесу барысында аудан басшылығы министрге каналдарды салу және реконструкциялау, суару суына берілетін субсидиялар, судың «қара нарығымен» күрес және балық шаруашылығына бөлінетін су лимиттерін қайта қарау мәселелері бойынша сұрақтар қойды.
– Өткен вегетация кезеңі ауылшаруашылығының тиімділігі суды қаншалықты ұқыпты әрі жауапкершілікпен басқара алуымызға тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл тек нақты жоспарлауды ғана емес, сонымен қатар су саласын дамытуда жүйелі көзқарасты талап етеді. Сол себепті біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан гидротехникалық нысандарды салу, реконструкциялау және суару жүйелерін автоматтандыру жобалары суды тиімді пайдалануға және оның шығынын азайтуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді министр.
Жалпы су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту – Мемлекет басшысы министрлікке жүктеген негізгі міндеттердің бірі. Министрдің айтуынша, ел бойынша гидротехникалық нысандарды салу және реконструкциялау жоспарын іске асыру үшін жеке инвестициялар тартылуда. Сонымен қатар су ресурстарын басқаруды автоматтандыру және цифрландыру саласында жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Дегенмен суды үнемдеуге тек мемлекет қана емес, тұтынушылардың өздері де үлес қосуы қажет. Ол үшін су үнемдейтін технологияларды енгізіп, ылғалды аз қажет ететін дақыл түрлерін өсіруге көшу маңызды.
– Жүзеге асырылып жатқан жоба Шу ауданының, жалпы Жамбыл облысының аграрлық секторының болашағы үшін аса маңызды. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы министрліктің ерекше бақылауында. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Біз инвестиция тарту және сапалы сараптама жүргізу бағытында үлкен жұмыс атқардық, енді жобаны толық аяқтау қажет, – деді Су ресурстары және ирригация министрі.