Заңға құрмет – жарқын болашақтың кепілі

0 4

Жастарды отансүйгіштікке, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеу – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта елімізде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның айқын көрінісі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жас сақшы» жобасы.

Жуырда Тараз қаласындағы №61 жалпы білім беретін мектепте «Жас сақшы» сыныбы салтанатты түрде ашылды. Бұл – облысымызда ашылған 21-ші профильді сынып. Аталған жоба жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып, заңға құрметпен қарауға, азаматтық жауапкершілікті сезінуге баулуды мақсат етеді.

Іс-шараға мектеп ұжымы, полиция ардагерлері, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Салтанатты рәсімде Тараз қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Берік Сәлемов пен Әулиеата аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Санжар Абдрайымов жас сақшыларға ізгі тілектерін жеткізді.

– «Жас сақшы» – болашақта ел тыныштығын күзететін, заңды құрметтейтін азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды жоба. Бұл сыныпта оқушылар құқық негіздерін меңгеріп қана қоймай, полиция қызметінің қыр-сырымен танысады, қоғамдық қауіпсіздіктің маңызын терең түсінеді, – деді Берік Сәлемов.

Іс-шара барысында 6–7-сынып оқушылары арасынан іріктеліп алынған жасөспірімдер салтанатты түрде ант қабылдап, арнайы сақшы куәліктеріне ие болды.

Заң мен тәртіп тақырыбындағы тәрбиелік іс-шаралар мұнымен шектелмеді. Абай атындағы Тараз қалалық орталық кітапханада жастарға арналған «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, тәртіпті – елдің ұлы» тақырыбында мазмұнды пікір алмасу өтті. Кездесуге Тараз қаласы Полиция басқармасының ювеналдық полиция инспекторы Медина Қайратқызы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің полиция аға лейтенанты Балнұр Ерген Мұратқызы, №39 мектеп-гимназиясы директорының құқық жұмысы жөніндегі орынбасары Салтанат Батырбаева қатысты.

Сонымен қатар, Қазіргі заман гуманитарлық колледжі мен Тараз сервис технология колледжінің білімгерлері белсенділік танытып, құқықтық тақырыпта өз ой-пікірлерін ортаға салды. Шара барысында жастарды толғандырған сұрақтар қойылып, нақты әрі түсінікті жауаптар берілді.

Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Заң мен тәртіп – жарқын болашақ кепілі» атты кітап көрмесі де көпшілік назарын аударды. Онда құқық, тәрбие, азаматтық жауапкершілік тақырыптарын қамтитын әдебиеттер таныстырылды.

Мұндай кездесулер мен бастамалар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың ел болашағына бейжай қарамайтын саналы азамат болып өсуіне жол ашады. Өйткені заңға бағынған, тәртіпті ұрпақ – мемлекеттің берік тірегі.