Айымзада (Қойылым-триптих)

0 4

Журналист, жазушы Сейсен Қожеке құландық композитор Мельс Өзбековтың «КЕЛШІ, АЙЫМ…» атты әніне новелла жазды. Сіздердің назарларыңызға осы шығарманың желісі бойынша театр сахнасына лайықталған екі актілі, үш көріністі қойылым-триптихты ұсынып отырмыз.

РӨЛДЕРДЕ:

Мельс

Айымзада

Айзада

Айғаным

Ақын Әбдірахман Асылбеков

Дулат Исабеков

Филимон қарт

Гүл сатушы әйел

Ай ару сен айтшы,

Айдын көл сен айтшы…

(Режиссер бұдан әрі қарай сахнадағы декорацияларды өзінің қалауымен, бірақ сценарийден ауытқымай жасайды)

Мельс таңатқалы бері кіші Алматы өзенінің жағасындағы үлкен қойтастың үстінде сарқырап аққан көктемгі тасқын суға қарап қадалып отыр. Бойын суық алса да көз алдынан бұлаңытып бір елес кетпейді, сол елес ұшып барып, ботана суға түсіп жоқ болғанда барып, Мельс орнынан тұрды да еңсесі түсіп, еті езілген қалпы пәтер жаққа қарай аяңдады. Жол бойында гүл сатып отырған әйелді көрді. Көрді де гүл алмақшы болып қалтасына қолын салды. Бұл кезде таныс әйел мұның күрең түсті хризантеманы ұстап тұрғанын көріп: «Сізге не болған, үнемі райхан гүлін алушы едіңіз ғой…?» деді қауызын жарайын деп қалған райхан гүлін ұсына беріп. Бұл ақыл-естен айырылған бейбақша аңырып тұрып-тұрып гүлді құшырлана бір иіскеді. Таңғы шық жабысқан гүлдің иісі расында да керемет, хош иіске толы еді. Дәл сонда барып сазгердің іші әлем-жәлем болып, түрі өрт сөндірген жандай түнеріп сала берді. Ол енді өзімен өзі сөйлеп:     «Мен мұны кімге алдым? Менің Айымзадам, Айым! Ол енді жоқ…жо…жоқ, ол жаңа ғана суға кеткен», деп тұрып-тұрып өзен жаққа қарай жүгірді.

Жарқабаққа келген бетте екпінін тоқтата алмай суға түсіп кете жаздады. Бұл қатерден оны күн құрғатпай осында ит жетектеп келіп-кетіп жүретін Филимон қарт сақтап қалды. Мельс жағаға жете берген кезде Филимон оған таяқ тастам тұста тұрған. Суға құлап бара жатқан адамды көріп, тұра ұмтылған. Сусыма жарқабаққа алдыңғы аяғы түсіп кетіп жылтыр табан туфлиі шешіліп, шұлықпен қалған оны шал да болса балықшы қарт құлама қабақтан тартып алған (осы көріністі режиссер сахнаға лайықтап көрсетуіне болады).

Сонда барып есін жиған сазгер Филимон шалға: «Дедушка, спасибо вам», деп рақметін айтып, үсті-басын қағып болған соң, қолындағы бір шоқ гүлді суға қарай лақтырып жіберген.

Диктор: «Әдемі ақ гүлдерді асау толқын бір пәсте қойын-қонышына жұтып алып, жоқ болды. Сонда ғана Мельс судың «тілсіз жау» екенін, құлай сүйген ғашығы Айымзаданы да асау толқын дәл осылай тұңғиыққа алып кете барғанын бар болмысымен түйсінді».

Енді ол жағадан сәл шеткерірік барып, ел кеш бата серуендеп келіп отыратын сая орындыққа (беседкаға) жайғасты.

Диктор сөзін әрі қарай жалғап:

«Айымзада осы Алматыдағы медицина институтында оқитын. Сол жолы Мельс Суат Әбусейітовтың үйіне барып, қайтар жолда Пастер көшесімен жүретін трамвайға отырған. Сонда ғой ол Масаншы аялдамасынан көлікке мінген үш қыздың ішінен құрақтай майысқан ұяң қабақ қызды көргені. Бұл оның бәденінен көзін алмай қарап қалып еді. Қыз сәл ыңғайсызданып, құралай көздерін бұдан алып қашқан бойы теріс айнала берген. Шарқаты (шәлісі) мойнын жапқан сұлуға сұқтанған бойы Мельс трамвайдан түсе берген. Коммунист даңғылына табаны тигенде әлгі қыз әдемі жанарын бұған салып, трамвай терезесінен қиылып қарап тұр екен. Мельс оған еріксіз қолын бұлғаған. Ол да қолын сәл көтергендей болды. Әйтеуір бұл үміт ұшағына мініп бара жатқан аққудан «айырылып қалам ба» деп біраз жер екпіндей жүгіріп барып тоқтаған.

Содан кейін өзінің көңіл түкпірінде қыз бәденін сандыққа салғандай сақтап қалып еді. Екінші жолғы кездесулері күтпеген жерден болды. Бұл Әбдірахман Асылбеков екеуі киноға билет алмақшы болып «Сарыарқа» кинотеатрына барғаны сол еді, қанаты кең қауыс құстай аппақ көйлек киген бір қыз екі құрбысының қолтығынан құшақтап сықылықтай күліп, сылдырап аққан судай сылаңдап бұлардың алдынан өте берді».

– Мынау дәл сол, соның жүрісі, дәл соның дауысы…, – деген Мельс өзімен өзі сөйлеп.

–  Әй, саған не болған? Шаңқай түсте шалқаңнан түсе жаздап, әлде әлгі қыздардың шалығы тиді ме? – деген досы.

–  Жүр, кеттік ана қыздардың соңынан…, –  деп Мельс досын сүйрелеп, далаға алып шыққан. Сөйтсе, әлгі үш қыз жаймашуақ әңгімелесіп, әсем күлкілерімен айнала төңіректі жадыратып тұр екен.

Мұндайда қиыннан сөз тауып кететін Әбдірахман ақындық әдетіне басып:

– Уа, дариға! Үш қыз ғой,

Қыз емес, мынау ұшқын ғой,

Құдай-ау, Мельс барсың ба,

Атымнан аунап түстім ғой, –  дей келіп:

– Кәне, Мәке, енді осы шумағыма ән шығаршы, – деді досына қарап. Қыздар да қаражаяу емес екен:

–  Байқаймын, досыңызға не баян, не домбыра жетпей тұрған сияқты, – деп сықылықтай күлді.

–  Сіз қайдан білесіз, досымның ән мен сазға құмар екенін?

–  Көзі айтып тұрған жоқ па? Мен білсем көзі тұңғиық жаннан саз шығады, мұны мен әжемнен естігем, –  деді әлгі ашық жүзді қыз. Мен Айғаныммын. Мынау сұлуымыз Айымзада, ал, мынау «Алматы аруы» Айзада.

–  Па, шіркін! Кілең хордың қыздарына жолығыппыз ғой. Ендеше менім ныспым Әбдірахман, ал, бағанадан бері тілден қалып, сөйлей алмай тұрған кербез жігіт расында да менің сазгер досым Мельс. Өзі біреуіңе өлердей ғашық. Қыздар айып болмаса айтыңдаршы, уақытты оздырмай, қай қатардан орын алдыңдар? Біз де сендерге таяу отырайық.

Қыздар қымсынған жоқ, билеттерін көрсетті. Мельс қыздардың жанында қалды да ақын досы билет алуға кетті. Енді үш қыз Мельсті ортаға алып, сұрақтың астына ала бастады. Бұл өзінің Жамбыл облысынан екенін айтқанда, қыздар:

–  «Жазылбекшілер маршын» кім жазғанын білесіз бе? – деп шу ете қалды. Мельс сәл кідіріп барып:

–  Сендер сенбейсіңдер ғой, мен жаздым…

–  Қойыңызшы, мен бір үлкен кісі жазған шығар деп жүруші едім, – деді Айзада аса сеніңкіремей. Мельс енді мүдірмеді:

 — Жамбылда өткен байқауда Қонысбай досым осы әнді орындады. Ал, Жазылбек ата маған риза болғаны соншалық бір жылқы мінгізді, – деді болған жәйді жасырмай айтып.

Диктор:

«Бұлар сол түні кинотеатрдан кештетіп шығып, қыздарды жатақханаларына дейін шығарып салды».

Әбдірахман: – Қыздар, келер жолғы киноға билет бізден!

Мельс Айғаным мен Айзададан кешірім өтініп, Айымзаданы қыздардан бөлектеп шығарып алып, оның құлағына:

– Мен сізді ұнатып қалдым, ертең кешіне келсем бола ма? – деді қиылып. Оның ошаған ойы қыздың жүрегін дүр сілкіндіріп өтті. Ол өзінің келіскенін білдіріп жәй ғана қабағымен ым қаққан бойы еліктің лағындай секіріп, сықылықтай күліп ұзай берді.

Диктор:

«Осы кездесуден соң екі дос киноны сылтауратып қыздарға жиі келетінді шығарды. Мельс пен Айымзада енді оңашада кездесе бастаған. Көбіне скверлерде, қалың талы бар бақтарда ұшырасып, сырласып ұзақ таңға құшақтары жазылмай махаббат күйін шертетін. Екеуі «Айым! Күнім!» деп өліп-өшіп, тәтті сүйіс, соны сезімдерін қимай, таң қылаң бере әрең айырылысатын. Осылайша махаббат кемесіне мініп, жаздың түнін кірпік ілмей өткізіп жүрген екі ғашық жазғы демалыстың келіп қалғанын да сезбей қалды».

(Осы штрих-триптихты сахнада дыбыссыз бейнелеуге болады).

Алматының айлы түні. Мельс Айымзадасын құшағынан жібермей, құшырлана сүйіп саялы бақта тұр.

Мельс: – Жаным, сен ғой үш айға каникулға кетіп бара жатырсың, енді қалай хабарласамыз? Сенсіз бір күнді де өткізе алмайтынымды білесің ғой?

Айымзада: – Күнім, енді қайтемін, шыдаймын да. Саған мен хат жазып тұрайын, ал сен жазба. Жазсаң сақтап қой, каникулдан келген соң оқимын. Білесің, менің әкем мен шешем ондайға өте қатал.

Диктор:

«Сөйтіп, ол Талғарға, ал, Мельс Луговойға жол тартты. Алғашқы кезде мөлдір сезімге толы хаттар келіп жүрді. Ол хаттарға Мельс бүкіл жан дүниесімен беріле отырып, жауап жазатын. Сондай бір хатында: «Жаным, Айымзада! Сенің хатыңды алдым. Мен де сені қатты сағынып жүрмін. Кеше ғана «Луговой жастарының вальсін» жазып бітірдім. Сөзінің авторы – балалар ақыны Әдібай Табылдиев. Ол кісі мектеп директоры, сөзіне қарағанда Алматыға көшетін сияқты, педагог-ғалым ғой. Шынымды айтсам, күндіз-түні ойымнан сен шықпайсың, бәлкім ауылыңа ұрын барармын, қазақтың сондай салты бар ғой. Айым, мен қазір әскерде жүрген солдаттарша календардағы әр өткен күнді санап жүрмін. Әлі жиырма бір күн бар… Уақыт тоқтап қалған сияқты, өтпейді. Келші, Айым!?».

(Осы эпизодты да режиссер өз қалауымен сахналауына болады)

Диктор:

«Бұл Мельстің соңғы хаты еді. Өйткені Айымзададан да хат келмей қалды. Сөйтіп жүргенде каникул да бітті. Үздігіп күткен күн де келді-ау, әйтеуір. Бұл құстай ұшып Алматыға жетті. Бірақ, Айымзада әлі келмепті. «Бұған не болды екен, әлде ауырып қалды ма?» деп санасы сан саққа кетіп отырғанда бөлмеге Айымзаданың курстасы Айзада келіп кірді».

Ол бірден өксіп-өксіп жылап жіберді де, Мельсті құшақтап тұрып:

–  Құрбымыздан айырылып қалдық,–  деді көз жасы көл болып. Мельс қос қолымен басын ұстап, төсекке отыра кетті. Жылайын десе дауысы шығар емес тек: «Айым, Айым!» дей береді қабырғаны тоқпақтап. Айзаданың артынша бөлмеге Айғаным да келіп кірген. Бірақ, оны Мельс байқаған жоқ. Айымзаданы жерлеу рәсіміне қатысқан сол болатын, ол да көз жасын төгіп-төгіп жіберіп: «Сұм ажал суға алып кетті, қыршынынан қиылды-ау. Суға батып бара жатып «Мельс!» деп үш қайтара шыңғыра айқайлапты. Оның жан айқайын естіген тек көл жағасындағы күркеде отырған жалғыз зағип кемпір ғана екен. Арманда кетті-ау, асылым!» деді талықсып. Мельстің көзі күп болып ісіп кетті.

– Қыздар, – деді бір кезде дауысы жарықшақтанып. – Мені оңаша қалдырыңдаршы…

Екі қыз да есіктен еппен басып шығып кетті.

Диктор:

«Мельс сол құлағаннан мол құлады. Өндіршегін, өзегін күйік өртеп барады. Ас атаулыға құлқы жоқ, тек шарап ішіп, іштегі шерін тарқатқысы келеді. Ол осылай қанша жатқанын өзі де білмейді. Сабақ та жайында қалды. Жазу столындағы ғашығының суретіне қарайды, қарайды да жүрегі қарс айырылады. Тағы да ащы суды ішеді.

Бір күні ол есін жиғандай болып, айнаның алдына келді. Түрден түр жоқ, беті суалып, жақ еті тарам-тарам болып кеткен, кәдімгі бір көктемде еріген қардың суындай көз жанарының асты жылым аққандай әжім. Енді оның шүңірек көзі күнтізбеге түсті. Сабаққа бармағанына бір ай шамасы болып қалыпты…»

Дәл осы кезде есік қағылды. Бұл осыған дейін бөлмелестеріне ғана шәй сұрап, болмаса су алу үшін ғана есігін ашатын, енді ашып қараса өзінің досы Әбдірахман Асылбеков пен Дулат Исабеков екен.

–  Мәке, мен сенің досың едім ғой, ең болмаса бір хабар берсең қайтеді? Командировкада жүр едім, әлгінде ғана естідім, арты қайырлы болсын, – деді Әбдірахман.

–  Менің естуімше сен бір айға жуық болыпты, сабаққа бармапсың. Мұның қалай? Ғашық адам осылай жігерсіздік танытып, құр босқа жүнжіп жата бере ме екен. Шын ғашық болсаң Айымзадаға арнап ән шығар. Шерің тарқайды. Ал, сөзін мына Әбекең-ақ жазады, – деп жұбату айтып жатыр Дулат та.

Диктор:

«Екі досының – Әбдірахман Асылбеков пен Дулат Исабековтың сөздері Мельстің мұң шалған басын шайдай ашты. Мельс Малая Алматинка өзені жағасынан қайтқанда кәдімгідей сақайып қалған еді. Ол өзінің қайғысын түсінген достарына алғысын айтып шығарып салған соң, дереу ән жазуға отырған. Бірақ, көз алдынан Айымның айбозым бейнесі кетпей тұрып алды. Содан соң өзен жағалап кеткен. Сазгер күн ойланды, түн ойланды… Осылайша дүниеге «Келші, Айым!» әні келді. Иә, ғашығынан айырылған сазгердің сағынышқа толы соңғы хаты сияқты сезімге толы саз еді бұл».

(Әрі қарай «Келші, Айым» әні айтылып барып сахнаның шымылдығы жабылады).

…Ай-ару, сен айтшы,

Айдын көл, сен айтшы?

Жарыма құс болып ұшайын,

Бір хабар берші, Айым!

Жақындап келші, Айым,

Лапылдап мәңгі құшайын…

(Қойылымның соңы).