Жаңа үш әуежайдың құрылысы басталды

0 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек», деген болатын.

Осы тапсырмаға сәйкес ішкі туризмді және жолаушылар әуе тасымалын дамыту мақсатында Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа үш әуежайдың құрылысы басталды. Бұл жобалардың іске асырылуы өңірлердегі экономиканың дамуына жаңа импульс береді, сондай-ақ отандық және шетелдік туристер ағынын арттыруға және аталған жобалар жергілікті тұрғындарды қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Сонымен қатар, 2024 жылы ірі хабтарды дамыту мақсатында әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту аясында үш жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілді. Алматы қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалының өткізу қабілеті жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін, Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 миллион жолаушыға дейін, Қызылорда қаласының «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 2 миллион жолаушыға дейін ұлғайды.

Елімізде жыл сайын әуе тасымалы 10-15 пайызға артуда. 2024 жылы қазақстандық авиакомпаниялар 15 миллионға жуық адамды тасымалдады, әуежайлар 30 миллион жолаушыға, оның ішінде шетелдік авиакомпаниялар мен азаматтарға қызмет көрсетті. 2024 жылы жүк тасымалы көлемі жылына 28 мың тоннаға ұлғайды.

Жолаушылар авиатасымалы көрсеткішінің өсуі, маршруттардың артуы ішкі және шетелдік туризмді дамытады. Бұл ел өңірлерінің инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Отандық компаниялардың ұшақтар паркі жыл сайын 10-15 ұшаққа толықтырылуда. Бүгінгі күні әуе кемелерінің саны — 102 ұшақ. Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 82 пайызды құрайды. Бұл — ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткіш.