Облысымызда жеті жайлы мектеп салынып жатыр

0 18

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мен «Таза Қазақстан» республикалық акциясының өңірде іске асырылу барысы қаралды. Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғали Кенжеахметов, ҚР Үкіметінің өңірлік инспекторы Қыдырберді Беков қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мен «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында жүргізілген жұмыстарды баяндады. Облысымызда 2023-2025 жылдары аралығында Ұлттық жоба аясында жалпы 9 500 орынды 12 жайлы мектеп пайдалануға беріледі деп көзделген. Ағымдағы жылы 7 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде (Таразда – 4, Байзақ ауданында – 1, Қордай – 2). Оның екеуі жаңа оқу жылына дейін, бесеуі жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қалған 5 білім ұясы 2025 жылы бой көтереді.

Кеңес барысында Ербол Қарашөкеев жоба операторы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның аймақтағы өкілі мен бірқатар мердігер компания басшыларының баяндамаларын тыңдады.

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Облыста жоспарланған құрылыс жұмыстары кестеден кешікпей, мерзімінде тапсырылуы тиіс. Оған жергілікті билік те барынша қолдау көрсетеміз. Инженерлік желілерді тарту шаралары да назарда болады, – деген аймақ басшысы сапаға жіті көңіл бөлуді тапсырды.

Өз кезегінде ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғали Кенжеахметов «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен мердігерлер арасындағы байланысты арттыру, жайлы мектептердегі оқушы мен педагогтердің штат санын пысықтау бойынша ұсыныс-пікірін білдірді.

Жиында мердігерлердің де жауаптары тыңдалып, жұмыс қарқынын арттыру мәселесі талқыланды.

Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бойынша апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, облыс аумағында ауқымды жұмыстар атқарылды. Экологиялық науқанға 210 мыңнан астам жамбылдық, оның ішінде 20 мың ерікті, 5 мыңға жуық кәсіпорын мен мекеме қызметкерлері белсенді қатысты.

Акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы абаттандырылды.143 саябақ пен сквер аумағы, 816,6 шақырым канал және арық жүйесі, 109,1 мың аула мен 3,1 мың шақырым көше тазартылды. 11,4 мың тонна қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұл жұмыстарға 892 техника жұмылдырылған.

Ербол Қарашөкеев «Таза Қазақстан» республикалық акциясы облыс аумағында тұрақты негізде жалғасатынын атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын акция аясында жүйелі жүргізу тапсырылды.