Таластықтар бұрынғы саяжайды жылыжайға айналдыруда

0 17

Бүгінде Талас ауданында төрт жылыжай ғана бар. Олардың барлығы жылдың төрт мезгілінде тұрақты жұмыс жасап жатыр деп айту қиын. Дегенмен саудаға шығарылып жатқан көкөніс өнімдері жоқ емес. Әңгіме халық тұтынатын өнім көлемін арттыруда.

Осы орайда жергілікті билік тың шешім қабылдап отыр. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің бастамасымен Қаратау қаласының аумағындағы өтпелі кезең ауыртпалығы тұсында үйлері бұзылып, қаңырап қалған «Флора» саяжайы аумағынан төрт гектар аумақ үйінділер мен құрылыс қалдықтарынан тазартылды. Топырағы құнарлы, тың алқап кәсіп жасауға ниет білдірген азаматтарға ұсынылуда. Жылыжай саламын, іс бастаймын деген жандарға 12 соттыққа дейінгі жер көлемі тегін үлестірілмек. Осы мақсатта арнайы қаражат қарастырылып, құбырлар тартылды. «Жартас» көлі арқылы су қорын толтыратын 300 текше метрлік су мұнарасы жаңартылды, электр желісі тартылды. Тек білек түріп еңбек етсең болғаны.

«Флора» саяжайы аумағында бүгінде «Нұржан Ахметқалиев» жеке кәсіпкерлігі 20 соттық жерді жылыжайға айналдырып, жұмысын жүргізіп жатыр. Тірлігін 12 соттық жерден бастап көрмекке ниет білдірген жеке кәсіпкер «Ербол Бекмолдиннің» еңбегі де өзгеге үлгі боларлық. Қияр және қызанақ өсіруге бел буған кәсіпкер құрылыс жұмыстарының жуық арада аяқталатынын айтып отыр. Одан бөлек, кәсібін кеңейту мақсатында жылыжай көлемін 24 соттыққа кеңейту қолға алған. Оны қыркүйек айына дейін аяқтап, қысқы маусымға дайындық жұмыстарын бастамақ. Ал жеке кәсіпкер «Гүлмира Қоңырбаева» үй іргесінде жерді жылыжайға айналдыруды көздеп отыр. Жобаның құны 15 млн теңгені құрайды.

Жалпы биыл ауданда агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша, оның ішінде жылыжайға қатысты 75 млн теңгеге төрт жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Жылыжай көбейсе, өнім көлемі артып, саудада бәсекелестік пайда болып, бағаның тұрақтануына септігін тигізері анық.