ТІЛ ҮЗДІКТЕРІ ТАРАЗДА АНЫҚТАЛДЫ

0 15

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқытушылардың республикалық байқауы Тараз төрінде мәресіне жетті. Ересектерге мемлекеттік тілді оқытатын мемлекеттік және жекеменшік Тілдерді оқыту орталықтары оқытушылары біліктіліктерін сарапқа салған биылғы байқаудың басты ерекшелігі – Ахмет Байтұрсынұлының ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан 150 жылдық мерейтойы аясында өткендігі.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық ғылымның негізін қалаған, елдік тарихындағы ұлы тұлға. Оның өміршең ғылыми-әдістемелік ұстанымдары әлі күнге дейін өзектілігін сақтап келеді. Жыл сайынғы дәстүрлі сайыс ұлы әдіскер ғалымның тіл оқыту, үйрету саласындағы еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгертуге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтауды және насихаттауды, сонымен қатар оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып, ересектерге қазақ тілінен сабақ берудің сапасын арттыруды, өзара тәжірибе алмасуды мақсат тұтады. Ал сайыстың биылғы басты ерекшелігі – оқытушыларды авторлық бағдарламаны әзірлеуге үйрету және А.Байтұрсынұлының әдістемеге қатысты еңбектерімен қатар әдебиеттану, тіл білімі, ахметтану салаларында білімдерін тереңдету.

Байқаудың Тараз төрінде өткен мәрелік кезеңіне облыстық кезеңде дара шыққан 12 үміткер қатысты.

– Ахаң қазақтың қазақ бола білуіне жанын аямай, халық үшін, оның мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет етті, бұқараны білім алуға шақырған қазақтың тұңғыш білім министрі атанды. Дара тұлғаның өсиеті, қалдырған мұрасы тіл жанашырларының алға ұстар бағдаршамы болуға тиіс. Бәріміздің мақсатымыз – Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған рухани жəне ғылым-білім саласындағы мол мұралар сабақтастығын жалғастыру, – деді байқаудың шымылдығын ашқан облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.

Қатысушылар байқау қарсаңында Facebook желісіндегі tilqazyna парақшасында өз бейнесабақтарын жариялап, тіл тағдырына немқұрайды қарамайтын қалың оқырман қауымның пікір білдіру, баға беруіне мүмкіндік туғызылғандықтан сайыстың алғашқы кезеңінде әр үміткер өзін бірден таныстыруға көшіп, қазақ тілін оқытудағы өзінің жинақтаған тәжірибесі негізінде авторлық бағдарламаларын ұсынды. Байқаудың келесі кезеңі Ахмет Байтұрсынұлының зерттеушілік мол мұрасына, еңбектеріне, соның ішінде оқыту әдістемесінің мазмұнына, оның ғылыми тұжырымдарына, сонымен қатар қазіргі заманғы тіл үйретудің соңғы технологиялары мен әдіс-тәсілдеріне арналды. Қатысушылар аталған бағыттар бойынша алдын ала дайындалған сұрақтарға санаулы минуттар ішінде жауап беріп отырды. Байқаудың шешуші кезеңі арнайы сынама топтың қатысуымен жағдаяттық түрде өтті. Үміткерлер тіл үйренушілерге сөйлеу әрекетінің төрт түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) тапсырмалар беріп, аудиториямен жұмыс жасау қабілетін сынаққа салды. Бұл орайда тапсырманы орындауға топ мүшелерін белсенді қатыстыру жағы қатаң ескерілді.

Мерейтойлық байқауға қатысушылар бұрынғы жылдармен салыстырғанда Ахаңның аяулы есіміне құрметпен қарап, ерекше көңіл күймен, тыңғылықты дайындалып келгенін байқатты. Сондықтан да кілең дүлдүлдер арасынан жеңімпаздарды анықтау оңайға түскен жоқ. Қазылар алқасының мүшелері, есімі елімізге кеңінен танымал ғалымдар қызу талқыдан кейін байқаудың Бас жүлдесіне Қызылорда облысы Тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Алтынай Орынбаева лайық деген шешімге келді. Жеңімпазға Тіл саясаты комитетінің Дипломы мен 500 мың теңгенің сертификатын қазылар алқасының төрағасы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Бағдан Момынова табыстады.

Ал жерлесіміз, Жамбыл облысы Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Гүлдерайым Халық байқаудың бірінші орын иегері атанды. Ол да жүлдесін Бағдан Қатайқызының қолынан алды.

Қарағанды облысы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Фариза Боранғазы мен  Ақтөбе облысы Тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Шыңғысхан Түменбаев екінші орынды иеленіп, оларға марапаттарын Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ  Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы табыстады.

Ал үшінші орынды жеңіп алған Павлодар облысы Ақсу қаласының мәдениет және тілдер бөлімінің әдіскер-оқытушысы Тәттігүл Бекенова, Ақмола облысы Ақкөл ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанындағы Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Гайнель Дүйсенбаева,  Қостанай облыстық Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айнұр Миркемелованы KAZGUU Жоғары Гуманитарлық мектебінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Дүсіпбаева марапаттады.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» орталығының оқытушысы Сағым Естемісова, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қазақ тілі оқытушысы Жадыра Дайырова, Солтүстік Қазақстан облысы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Әсем Абдраимова, Түркістан облысы Тілдерді оқыту және дамыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Шынар Сағынтаева, Жетісу облысы «Тіл» оқу әдістемелік орталығы Панфилов аудандық филиалының оқытушысы Надира Қадыровалар Назарбаев Университеті Түркітану және қазақ тілі департаментінің оқытушысы, PhD Айдар Балабеков пен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Лаура Макулованың қолынан ынталандыру сыйлығын алды.

«Байқауымыздың мыңдаған талантты дүниеге әкелген жомарт та жұмақ мекен, мәдени-рухани құндылыққа бай өлке әйгілі Әулиеата өңірінде, соның ішінде тарихымыздың темірқазығы Таразда өтуі оның рухани салмағын арттыра түсті. Шоқтығы биік іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосқан Жамбыл облысының әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз», — дейді жас ғалым, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістемелік басқарма басшысы Жазира Мақсұтқызы.

Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Көкенованың айтуынша, Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұлт ұстазының мерейтойы аясында ұйымдастырып, өткізіп келе жатқан халықаралық, республикалық деңгейдегі іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – алдымыздағы 5-қыркүйектен бастап, жылдың аяғына дейін жүзге тарта сүбелі жұмыстар жоспарланған. Олардың бәрінің де көздеген басты мақсаты біреу – Ахмет Байтұрсынұлының қызметін, ғылыми және рухани мұрасын жан-жақты таныту.

 

Қуаныш САБЫРҰЛЫ.

Тараз  қаласы.