Алтын кітапқа енген ауыл ұстазы

0 18

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің ақын Қадыр Мырза әлі туралы айтқан «Қаздиған бойы, қандауыр ойы, қанжардай сойы бар ақын» деген теңеуі дөңге түскен дөп сөз деп қалай айтпассың. Осы теңеу меркілік суырыпсалма ақын Өмірбек Қабыловқа да айтылған ба деп қаласың. Өмекең Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығында 19 облыстан келген бірде бір ақынға дес бермей, бас жүлдені жеңіп алғанда, дүлдүл ақынның иығына Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Асанбай Асқаровтың өзі шапан жапқан болатын.

Біз әңгімемізге арқау еткелі отырған Әшімкүл Өмірбекова осы айтыскер ақынның қызы. Тоғыз бала тапқан мыңқазандық Батыр ана Дәнегүл Қырғызбаева болса оның шешесі. Ол кісі де қаражаяу адам емес, болыс болған. Әшімкүл деп ныспын әкесі қойған. Өмекеңді көзіміз көрді. Сөзі мірдің оғындай, көзі оттың шоғындай, жауына жалғыз шапқан қырандай еді-ау. Әшімкүл осынау асылдың сынығы, ақиық ақынның жетінші перзенті. Әкесі 45 жасқа келгенше ағаш ұстасы болып, ауылдастарына ағаштан түйін түйіп береді екен. Өмекеңнің әкесі Қабыл қалпе өте бай кісі болған, кейін кеңес өкіметі орнаған тұста кәмпескеге ілініп, қудалауға түседі. Мұнысын айтысқа түскенде Өмекең де жасырмайтын. Өмірбек Қабыловты Әулиеата өңірінде білмейтін адам кемде кем шығар. Ол кісінің туған ауылы Ленин жолы болатын (қазіргі Ақ жол). Айтыскер ақын 86-ға қараған шағында өмірден өтті. Қазір Меркінің орталық музейінде ақынға арналған арнайы бұрыш бар. Ақынның тірі кезінде ұстаған домбырасы мен сырнайы Талдыбұлақ ауылындағы мектеп музейінде тұр. Музейді ашып, оған басие болып отырған да Өмірбек Қабыловтың қызы Әшімкүл.

Сонымен басты кейіпкеріміздің кім екенін енді білген шығарсыздар. Әшімкүл бесінші сыныпқа дейін «Қызыл қыстақ» мектебінде оқыды. Одан соң Тәтті ауылындағы мектепте 8-ші сыныпқа дейін дәріс алып, 9 бен 10-ды Калинин (қазіргі Ақкөз Қосанов) мектебінде тәмамдады. Онжылдық аттестатты алған бетте ол Алматыға жол тартты. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсті. Екінші курста оқып жүріп осы Талдыбұлақ ауылының азаматы Асанбек Қасымовқа тұрмысқа шықты. Бірақ оқуын тастамай бітіріп, ең алғаш Жеміс-жидек кеңшарындағы №44 мектепте тарих пәнінен сабақ бере бастады. Екі жылдан соң төстегі Жамбыл бөлімшесіндегі №35-ші бастауыш мектепке ауысып келді. Бұл 1973-ші жылдың күз айы еді. Әшімкүлді аудандық білім бөлімінің басшысы Болысбек Көкірекбаев шақырып алып, бастауыш мектепке меңгеруші етіп тағайындады.

  • Ол кезде Талдыбұлақ ауылында 57 түтін бар еді. Мектепте оқитын оқушылардың көпшілігі малшылар мен механизаторлардың балалары болатын. Дәлірек айтқанда олардың әке-шешелері жаз жайлауда,қыс қыстауда үнемі малдың соңында жүретін. Сондықтан 1-4-ші сынып оқушыларына ұзартылған топ ашу өте қажет болды. Аудан басшыларының алдына бірнеше рет барып жүріп, алты жасар бүлдіршіндерге мектепалды даярлық тобын аштырдым. Олардың уақытылы тамақтанып, сабақтарына даярлануына жағдай туғызу туралы өтінішім де жерде қалмады. Сол кездегі Жамбыл атындағы колхоздың бастығы Жұман Дүкенбаев пен бас есепші Мәмітқан Еркебалановтың, селолық кеңес төрайымы Кеңескүл Қасымованың қамқорлығына шексіз ризамын. Ол өзі қиын күндер еді, балаларға арналған азық-түлікті сонау 8 шақырым жердегі «өзбек частан» күзетші Есіркеп екеуіміз есек арбамен аптасына бір рет қатынап, таситынбыз. Сөйтіп жүріп оқушы санын 87-ге жеткіздік. Сол жылдары бастауыш кластарға Әсемкүл Тойбаева мен Сара Бейсенбаева сабақ берді. Әйткенмен 5-10 сыныптың 41 оқушысы сегіз шақырым жердегі №44 мектепке барып оқитын. Сондықтан өз ауылымыздан жоғары сынып ашу туралы білім министрі Бектұрғановқа өтініш жазып, тіпті ол кісінің қабылдауында болдым. Сөйтіп дегенімізге жеттік. Енді кеңейген мектебімізге жаңа ғимарат салу қажет болды. Бұл мәселені де жедел қолға алдым. Сол кездегі аудан әкімі Бағлан Қарашолақов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлбарам Нұрпейісоваға арызданып жүріп, «Ауыл жылы» бағдарламасы бойынша Талдыбұлақ ауылында 250 орынды мектеп салынды. Сөйтіп 2005 жылы жаңа мектеп ашылды, – деп еске алады сол жылдарды Әшімкүл Өмірбекқызы.

Бұл расында да асқан табандылықты, үлкен қажыр-қайратты талап ететін өлшеусіз еңбек еді. Сонымен жаңа мектепке директор болып Нүсіпжан Құлажанов келді. Әшімкүл оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2008 жылы мектептен музей ашты. Оған Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Батыр аналар, мектеп түлектері туралы құнды деректер жинап отыр.

Әшімкүлдің ұзақ жылдар бойғы еңбегі ескеріліп, 2001 жылы оған «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» деген атақ берілді. Сол жылы ол Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатын да алды. Ыбырай Алтынсарин атындағы мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында өткен семинарға қатысып, Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасына ие болды. 2021 жылы аудан әкімі Р.Нұрсипатовтың Алғыс хаты мен Құттықтау хатын алса, жыл аяғында «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сол жылы есімі республикалық «Қазақстанның алтын кітабы» жинағына да енді. Оның мерейі өсті, еңбегі бағаланып, жұлдызы оңынан туды. Сонда ғой Құрмет грамоталарының қарша жауғаны. Қазір Әшімкүлдің пәпкісінде жатқан аудан әкімі мен облыстық мәслихаттың, білім бөлімдері басшыларының грамоталары мен мақтау қағаздарына көз сүрінеді.

Әшімкүл 2009 жылы зейнет демалысына шықты. Бірақ ол осы күнге дейін қоғамдық жұмыстан бас тартып көрмепті. Педагог-зейнеткер «Парасатты әжелер», «Мерейлі отбасы» байқауларының жеңімпазы. Бір кездері ауылдық кеңеске депутат болып та сайланып, талай оралмандарды өз қамқорлығына алған, ауылдың тыныс-тіршілігіне етене жақын араласып, тұрғындардың мұңы мен мұқтажын шешуге бір кісідей-ақ атсалысқан. Ол үшін «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасына ие болған.

«Медиация мен Билер кеңесінің үлесі» атты курсты аяқтап, арнайы сертификат алған ол бүгінде халық сыйлаған медиатор, яғни, ауыл биі. Отбасы дауларын, жер мен жесір дауын шешуге жиі араласады. Елге сыйлы онымен бүгінде үлкен де, кіші де ақылдасады.

Ері Асанбек өмірден озса да алты баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелеп, өсіріп қатарға қосты. 1996 жылы екінші дәрежелі «Медаль материнство» төсбелгісімен марапатталды. Барлық ұл-қыздарының жоғары білімі, қызметі бар. Үлкен ұлы Ерлан – Мәскеудегі Тимирязев Академиясын бітірген, қазір Алматыдағы автосервис ұжымын басқарады. Бір ұл, бір қызы бар. Келіні – Шынар медбике. Сәулесі – осы Талдыбұлақтағы мектепте директор. Күйеу баласы Талғат екеуінің екі қызы мен бір ұлы бар. Ұлы – Ержан полиция капитаны, келіні Ақмарал – мұғалім, бір ұлдары бар. Кенже ұлы Сержан – Алматыдағы «Балауса» баспасында дизайнер, келіні Айнұр оқытушы, олардан төрт немере сүйіп отыр.

Әшімкүл Өмірбекова қазір зейнетте жүрсе де өзінің Бағила Әлімқұлова мен Сара Бейсембаева сынды ұстаздарын, Кәден Әшірәлиев, Әліби Сағындықов сынды шәкірттерін аузынан тастамай айтып отырады. Ұлағатты ұстаз 2019 жылы кіші қажылық парызын өтеп келді. Оның алдынан жайнамазы, аузынан дұғасы түспейді. Өйткені ол – көптің қадірлісі ғана емес, ауылдың төрінде отыратын ұлағатты ұстазы әрі биі де.