Бүлдіршіндер құтқарушылардың жұмысымен танысты

0 3

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Талас ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінде Ашық есік күні өтті. Танымдық кездесуге «Анжелика» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушілері қатысып, құтқарушылардың күнделікті қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Іс-шараның басты мақсаты – балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде түсінік беру және құтқарушы мамандығының маңызын насихаттау болды.

Кездесу барысында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері бүлдіршіндерге арнайы өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникаларын таныстырды. Балалар өрт сөндіру автокөліктерінің жабдықталу ерекшеліктерімен танысып, құтқарушылар пайдаланатын құрал-саймандарды көрді. Мамандар арнайы техниканың қызметі туралы қызықты мәліметтер айтып, балалардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Сонымен қатар, бүлдіршіндерге өрт қауіпсіздігі және тұрмыстағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Құтқарушылар төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау керектігін, қауіпті жағдайда кімге хабарласу қажет екенін қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді.

Іс-шара барысында балалар құтқарушылардың жұмысына ерекше қызығушылық танытып, арнайы техникаларға отырып көруге мүмкіндік алды. Мұндай әсерлі кездесулер олардың бойында қауіпсіздікке деген жауапкершілікті қалыптастырып қана қоймай, болашақта маңызды мамандықтарға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Талас ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары балаларға арналған профилактикалық және танымдық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Өйткені жас ұрпаққа қауіпсіздік ережелерін ерте жастан үйрету – төтенше жағдайлардың алдын алудың маңызды жолдарының бірі.

Іс-шара соңында бүлдіршіндер құтқарушыларға алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.