Таразда автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы жұмыс істеуде

0 2

Тараз қаласында жеті ай бұрын жаңа автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы (АГНКС) іске қосылған болатын. Қазір газ толтыру компрессорлық станциясы жүк және жеңіл автокөліктерге қызмет көрсетуде. Оның инвесторы «QazMetanPro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал оған салынған инвестиция көлемі 1,5 миллиард теңгені құрайды. Станция жүк және жолаушылар көліктері, транзиттік көлік, коммуналдық автобус парктері және жек тасымалдаушыларға қызмет көрсетеді.

Станцияның стратегиялық директоры Амир Урисовтың айтуынша, бұл жоба еліміздегі газмоторлық инфрақұрылымын дамыту жəне көлік секторын экологиялық тұрғыдан жетілдіру аясында жүзеге асырылған. Оның құрылыс жұмыстары өткен жылдың басында басталып, қараша айында жобаға сәйкес аяқталып тапсырылған.

– Бұл жобаның инвесторы ретінде «QazMetanPro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қатысты. Бұл станция тəулігіне 500 автокөлікке қызмет көрсетеді. Жүк көліктерімен қатар, жолаушы жəне транзиттік көліктерге, атап айтсақ, Қытай, Ресей, Өзбекстан Республикаларының көліктеріне де қызмет көрсетіледі. Жаңа нысан заманауи жабдықтармен жабдықталған, əлемдік жетекші өндірушілер – KwangShin (Оңтүстік Корея), Weh (Германия) компанияларының техникалары жоғары тиімділікті, қауіпсіздікті жəне экологиялық тазалықты қамтамасыз етеді, – дейді станцияның стратегиялық директоры.

Ал аталған жоба шеңберінде бүгінгі күні 50 жұмыс орны ашылған. Жаңа нысан өкілдерінің айтуынша, станция мотор отыны ретінде табиғи газды пайдалану көмірқышқыл газын шығарындыларын айтарлықтай азайтуға жəне көлікті пайдалану шығынын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Қордайда осыған ұқсас жаңа станция салынуда. Ол іске қосылған станциямен бірге Өзбекстан Республикасы мен Алматы қаласын байланыстыратын «Көк дəліз» құрылымын қалыптастырады. Бұл маршрут елдің оңтүстігінде газмоторлық көліктің негізгі бағыты болып, халықаралық логистика мен транзиттік тасымалдардың дамуына ықпал етеді.

Жаңа автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясында болған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бұл жобаның өткен жыл соңында инвестордың көмегімен іске асырылғанын атап өтті.

– Бүгінгі күні Тараз қаласында көлік ифрақұрылымын дамыту жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Оның ішінде қоғамдық көліктерді газбен қамту мәселесі де бар. Өңірде көлік-логистикасын дамыту мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде Тараз қаласында 420 көшеге асфальт жабыны төселді. 10 даңғыл бойында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы екі ауданды жалғайтын көпір құрылысы жалғасуда. Соңғы үш жылда қоғамдық көліктер 300-ден 510 көлікке жаңарып, автобустардың жаңаруы 90 пайызға жетті. Сондай-ақ соңғы үш жылда жолаушы тасымалы 36 миллионнан 50 миллионға өсіп отыр. Бұл қоғамдық көлікке деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Сондай-ақ қаладағы экологияны көтеру мақсатында жаңа такси жүйесі іске қосылып, электр қуатымен қуаттайтын жаңа станциялар ашылды. Ал былтыр корей үлгісімен салынған жаңа станция көлік транзитімен қатар Тараз қаласындағы автопарктерге де қызмет көрсетіп отыр. Бұл жоба кәсіпкерлерді тарту арқылы қолға алынса, инвесторлардың бірлескен күшімен іске қосылды, – дейді қала әкімі.

Мұнда кезек болмайтыны анық. Өйткені көлік құралдарын арнайы газ отынымен қуаттайтын сегіз колонка орналасқан. Бұл жерде Тараз көшесінде жүретін қоғамдық көліктер газ отымен қуаттандырылуда. Ендігі кезекте биыл бағдарлама аясында жалпы құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын 50 газмоторлық автобусты сатып алу жоспарлануда.