Сайлау

IT лицейдің жаңа оқу корпустары пайдалануға берілді

0 14

Тараз қаласында дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернатының жаңа кешені салтанатты жағдайда ашылып, жаңа оқу корпусы мен жатақханасы пайдалануға берілді. Балауса шағын ауданында орналасқан білім ордасы оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында іске асырылып отыр. Жаңа кешеннің жалпы аумағы 12 256,45 шаршы метрді құрайтын үш блоктан тұрады.

Білім ошағының жаңа кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, өңір басшысының құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ бұл шараға қатысқан «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте заманауи білім беру кешені оқушылардың сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және жан-жақты жетілуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Осыдан кейін жаңа кешеннің лентасы қиылды. Әжелер тәттіден шашу шашты. Лицей оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.

Лицей директоры Шоқан Қалдыбаевтың айтуынша, мұнда білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған. Жоба аясында 300 орындық оқу корпусы, 300 орындық жатақхана, асхана мен спорт залы қарастырылған. «Бұрынғы 45 орынмен қосқанда жалпы сыйымдылық 345 орынға жетті. Бұл шалғай аудандардан келетін дарынды балаларды толық қамтуға мүмкіндік береді. Жоба шеңберінде жаңа кешенде 126 орындық асхана, спорт залы, акт залы және кітапхана бар. Физика, химия, биология, веб-дизайн, жасанды интеллект және бағдарламалау бағыттары бойынша арнайы кабинеттер жабдықталған», – дейді мекеме басшысы.

Білім ордасы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда жаратылыстану бағытындағы пәндер толықтай ағылшын тілінде оқытылады. Қазіргі уақытта лицейде 325 оқушы білім алып, оларға 45 педагог сабақ беруде. Білім ошағы ашылған уақыттан бері оны 163 түлек бітірген. Олардың басым бөлігі отандық және шетелдік жетекші оқу орындарына түскен. Олардың қатарында «Nazarbayev University», «Cardiff University» және «University of Pisa» бар. Алдағы уақытта «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен әріптестікті кеңейтіп, IT-экожүйені дамыту көзделген.