Мақсат – ел ішіндегі ынтымақты бекемдеу
Қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық келісімді нығайту және өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру – баршаға ортақ міндет. Осы бағыттағы жұмыстарды талқылау мақсатында өткен аптаның соңында облыстық Халық кеңесінің мүшелері Қаратау қаласына арнайы барып, ардагерлермен және жастармен жүздесті.
Қалалық орталық кітапхананың «GOWORKING» залында өткен алқалы жиында сөз алған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы биылғы конституциялық реформа аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа мемлекеттік институт – Халық кеңесі болып қайта құрылғанын айта келіп, бұл өзгеріс қоғамдық диалогтың аясын кеңейтіп қана қоймай, азаматтық бастамалардың заң шығару үдерісіне ықпал етуіне мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Бұл реформаның басты жаңалығы – қоғамдық диалогқа саяси салмақ беріліп, оған қосымша заңнамалық тетіктер ұсынылуында. Халық кеңесі Үкіметпен тең дәрежеде Құрылтайға заң жобаларын тікелей енгізу жөніндегі конституциялық құқыққа ие. Демек, жаңа институттың ел өміріндегі маңызды мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндігі арта түседі, – деді Мубарак Қасымқызы.
Кездесудің негізгі мақсаты – ел ішіндегі ынтымақты бекемдеу, түрлі этнос өкілдерінің арасындағы өзара сыйластықты сақтау және ортақ құндылықтар төңірегінде жұртшылықты топтастыру. Бұл ретте әр азаматтың туған жеріне деген құрметі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі маңызды екені айтылды.
Жиында сөйлеген облыстық аналар кеңесі төрайымының орынбасары, республикалық дүнген этномәдени бірлестігі аналар кеңесінің төрайымы Күлсара Даузованың пікірі көпшілік назарын аударды. «Мен дүнген қызымын. Анам — қазақ қызы. Сондықтан мен қазақтарға жиен боламын», – деп сөзін қазақ тілінде бастаған ол тілге құрмет елге құрмет екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда ғұмыр кешіп, осы елдің ауасын жұтып, суын ішіп отырған әрбір азамат мемлекеттік тілді, салт-дәстүрді білуге ұмтылуы керек. Қай этностың өкілі болса да, өзі өмір сүріп жатқан елдің мәдениеті мен құндылықтарын құрметтеу – азаматтық парыз. Осы орайда ол қазақ тілін үйренуге немқұрайды қарайтын жандарға қатысты ойын ашық білдірді.
Күлсара Манкизқызы жастардың еңбекке бейім, ізденімпаз болып өсуіне де тоқталды. Жетістікке жетудің жолы – табанды еңбек пен үздіксіз талпыныс екенін айтып, жас буынды елжандылыққа, отаншылдыққа және бірлікті бағалауға шақырды. Сонымен бірге бала тәрбиесін тек отбасының ғана емес, аға буынның да ортақ міндеті ретінде қарастыру қажеттігін жеткізді.
Басқосуда Халық кеңесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Исмаил Хаджимуратов, Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Асемов пен аудандық аналар кеңесінің төрайымы Данагүл Молдабаева да пікір білдірді. Олар қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда ұрпақ тәрбиесінің орны бөлек екенін атап өтті. Әсіресе, жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, туған жерге қызмет ету секілді қасиеттерді бойына сіңіру қажеттігіне тоқталды. Ал 84 жастағы Түзелбек Рахышұлы да өз ойын ортаға салып, ел ішіндегі татулық пен ұрпақтар сабақтастығының маңызына назар аударды.
Ардагерлер мен жастардың басын қосқан жүздесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, қоғамдағы бірлікті нығайтуға қатысты ойларын бөлісті.
Басқосу соңында жиналған жұртшылық мұндай кездесулердің берері мол екенін айтып, қонақтарға алғысын білдірді. Өйткені елдің ынтымағы – бір күндік науқанның емес, әр азаматтың күнделікті ісі мен жауапкершілігінің нәтижесі. Ал сол құндылықты кейінгі ұрпаққа жеткізу – аға буынның алдындағы маңызды міндет.