Бұрымды боксшылардың бағындырған белестері

0 10

Жақында Тараз қаласында бокстан 2009-2010, 2011-2012 және 2013-2014 жылдары туған жастар мен жасөспірім қыздар арасында облыс чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.

Жасөспірімдер арасында өткен жарыста Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушылары Сымбат Мырзәлім мен Аружан Мырзәлім шаршы алаңға шықты. 33 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Сымбат қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанса, 44 келіде бақ сынаған Аружан жарыстың қола жүлдесін иеленді. Ал Қорағаты орта мектебінің оқушысы Аяжан Бахытбек 49 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарына дес бермей, жеңіс тұғырынан көрінді. Абай атындағы орта мектептің түлегі Аянат Төленбай да 70 келі салмақта сәтті өнер көрсетіп, чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Жастар арасындағы бәсекеде де жергілікті спортшылардың мерейі үстем болды. Қорағаты орта мектебінің оқушысы Аружан Бахытбек 54 келі салмақта жеңімпаз атанса, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенті Айдана Әбдікерім 65 келі салмақ дәрежесінде топ жарды. Ақбұлақ орта мектебінің оқушысы Тоғжан Тұрарқызы да 70 келі салмақта қарсыластарынан басым түсіп, чемпиондық биіктен көрінді.

Бұл нәтижелердің артында спортшылардың табандылығы мен күнделікті жаттығудағы еңбегі жатыр. Қыздардың бокстағы шеберлігін шыңдап, жарыстарға дайындап жүрген жаттықтырушы – Есдәулет Құрмантаев. Аудандық және республикалық деңгейде жас спортшыларды тәрбиелеп жүрген бапкердің еңбегі осындай жетістіктер арқылы көрініс тауып келеді. Оның жетекшілігімен жаттығатын бұрымды боксшылардың облыстық чемпионатта жоғары нәтиже көрсетуі – жүйелі дайындық пен бапкерлік тәжірибенің жемісі.

Бокс – күш пен жылдамдықты ғана емес, төзімділік пен сабырды, қайсар мінез бен темірдей тәртіпті талап ететін спорт. Әрбір жеңістің артында үздіксіз жаттығу, өз-өзіңді шыңдау және қиындыққа мойымау қасиеті тұрады. Бұл жолы чемпион атанған қыздарымыздың жетістігі де сол еңбектің нәтижесі.

Жас спортшылардың жеңісі – өздері үшін ғана емес, олар білім алатын мектептер мен ауданның спорт саласы үшін де қуанышты жаңалық. Олардың табандылығы мен жеңіске деген ұмтылысы спортқа қызығатын өзге қыздарға үлгі болары анық.