Ақ батамен өрілген ұрпақтар сабақтастығы

0 6

Қазақта үлкеннің батасын алу – ұрпаққа өнеге, кейінгіге аманат. Ақ жаулығын ардақ тұтқан қарт аналардың ақ тілегі мен батасы – елдің рухани қазынасы. Осындай игі дәстүрді дәріптеп, жастарды үлкенді сыйлауға үндеген тағылымды іс-шара Мырзатай ауылдық округінде өтті.

Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы Байзақ аудандық бөлімшесінің жетекшісі, Мырзатай ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Ұланбике Сейдуалиеваның ұйымдастыруымен ауыл жастары, Дихандық «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Айман Құрманова мен “Айдынғали” балабақшасының директоры Гүлмира Оңғарбаева, Мырзатайлық “Алтын ұя” шағын орталығының әдіскері Индира Тәңірбергеновалар бірлесіп, Сеңкібай, Мырзатай және Дихан ауылдарында тұратын қарт аналарға құрмет көрсетті.

Олар жасы 70-тен 95 жасқа дейінгі, елге еңбегі сіңген Сеңкібай, Мырзатай және Дихан ауылдарындағы оншақты ақжаулықты анаға арнайы барып, иықтарына орамал жауып, камзол кигізіп, ақ баталарын алды. Құрмет көрсетілгендердің қатарында 80 жастағы Тамара Баразенцева, Мырзатай ауылының 77 жастағы тұрғыны Зиякүл Жаманқұлова, Дихан ауылының 90 жастағы тұрғыны Бегімкүл Базарбаева, кезінде колхоздың қызылша алқабында еңбек еткен 80 жастағы Клара Бөкебаева мен ұзақ жыл шопан болып жұмыс істеген 87 жастағы Зеркүл Қашқынбаева бар.

Кездесу барысында әжелер жастарға ризашылықтарын білдіріп, ақжарма тілектерін айтып, баталарын берді. Үлкендердің ықыласына бөленген жастар да ақ батаның қадірін сезініп, тағылымды жүздесуден ерекше әсер алды.

Осындай игі бастаманың ұйымдастырылуына ұйытқы болған Ұланбике Сейдуалиеваның еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Ауылдағы үлкен мен кішінің арасын жақындастырып, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген Ұланбике апаның бастамасы – жастар тәрбиесіне қосылған өзіндік үлес.

Ақжаулықты әжелердің батасы – ұрпаққа жол көрсететін рухани бағдар. Осындай тағылымды кездесулер арқылы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі жалғасын тауып, ұрпақтар сабақтастығы беки түсетіні сөзсіз.