Жамбылдық пара футболшылардың жарқын жеңісі

0 5

Спорт – денсаулықты нығайтып қана қоймай, адам бойындағы сенім мен жігерді қалыптастыратын маңызды құрал. Ал пара спорт мүмкіндігі шектеулі жандарға өз қабілетін танытып, жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік береді. Соның ішінде пара футболдың орны ерекше.

Облысымызда пара футбол 2023 жылы ашылып, бүгінде қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда спорт клубында жаттықтырушылар Еркеғали Еденов пен Ерсайын Мұдрашевтің жетекшілігімен 15 спортшы тұрақты түрде оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде.

Жамбылдық пара футболшылар республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2024 және 2025 жылдары Қазақстан Республикасының чемпионаттарында ІІІ орын, 2025 жылы Футбол федерациясы кубогында ІІ орын, ал 2026 жылы Қазақстан Республикасының чемпионатында І орын иеленді. Қазіргі таңда клубтың 8 спортшысы Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының сапына еніп, еліміздің намысын республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда абыроймен қорғап жүр.

Халықаралық аренадағы ерекше жетістіктердің бірі – АҚШ-тың Сиэтл қаласында өткен халықаралық «Blind Football» турниріндегі жеңіс. Қазақстан құрамасы АҚШ және Перу құрамаларымен кездесіп, турнир қорытындысында жеңімпаз атанды. Осы тарихи додада клубымыздың спортшысы Ғалымжан Есімов ел намысын абыроймен қорғап, Жамбыл облысының спорттағы жетістігіне өз үлесін қосты.

Сонымен қатар Англияның Бирмингем қаласында көру қабілеті зақымданған футболшылар арасында алғаш рет ұйымдастырылған IBSA Development Cup U-23 халықаралық турнирінде Қазақстан жастар құрамасы жүлделі орынға ие болды. Команда сапында жерлесіміз Жорақұл Зафарбек сенім үдесінен көріне білді.

Пара футболдың басты құндылығы – жеңіс пен жүлдеде ғана емес. Ол спортшылардың өзіне деген сенімін арттырып, командалық ортаға бейімделуіне және қоғамның белсенді мүшесі болуына жол ашады.

Жамбылдық пара футболшылардың жетістігі – тынымсыз еңбектің, табандылықтың және командалық бірліктің нәтижесі. Олардың әрбір жеңісі – жаңа мүмкіндіктерге бастар жол әрі өскелең ұрпаққа үлгі.