Желеден басталған ғылыми ізденіс

0 12

Балалардың көбі дүкен сөрелеріндегі түрлі-түсті мармелад пен желеге қызығады. Ал сол тәттінің қалай жасалатынына үңіліп, құрамын зерттеп, оны өз қолымен әзірлеуге талпынатын бала көп емес. Мойынқұм ауданындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Іңкәр Берікқызы дәл осы тақырыпқа қызығушылық танытып, ғылыми жоба дайындаған.

Білімге құштар оқушымен жақында Мойынқұм ауданына барған сапарымызда таныстық. Бастапқы жоспарымыз бойынша басқа мектепке баруымыз керек еді. Алайда мектеп басшысының жұмыс бабымен жолға шығуына байланысты бағытымыз өзгеріп, Жамбыл атындағы мектеп-гимназияға ат басын бұрдық. Осылайша талай талапты оқушымен танысып, солардың арасынан Іңкәрдің ізденісіне назар аудардық.

Іңкәрдің өткен оқу жылындағы ғылыми жобасы «Желе дайындау және оны зерттеу» деп аталады. Химия-биология бағыты бойынша әзірленген жұмыс алдымен аудандық кезеңде сынға түсіп, бірінші орын алған. Одан кейін облыстық кезеңге жолдама алып, онда екінші орынға ие болған.

Ғылыми жобаға бұл тақырыптың таңдалуы да кездейсоқ емес. Өзі желені жақсы көретін Іңкәр оның дайындалу жолына қызығып, үй жағдайында тәжірибе жасап көруге бел буған. Ізденіс барысында желенің негізгі құрамдас бөлігі – желатинге ерекше назар аударған. Желатиннің қайдан алынатынын зерттеген оқушы оның жануарлардың сүйегі, терісі мен сіңірі сияқты коллагенге бай шикізаттан өндірілетінін анықтаған. Ғылыми жұмысы арқылы оның тағам өнеркәсібінен бөлек, фармацевтика мен косметикада да қолданылатынын білген.

Алайда Іңкәр дайын желатинді пайдаланып қана қоймай, өнімді өз қолымен әзірлеуді жөн көрген. Сол үшін қойдың басын 8-9 сағат бойы қайнатып, одан желатин алған. Осыдан кейін тәжірибелік жұмыстың негізгі бөлігіне кіріскен. Алдымен алынған желатинді ерітіп, суға араластырған. Оған қант және жеміс шырыны қосылған. Дайын қоспа арнайы қалыптарға құйылып, тоңазытқышта бірнеше сағат тұрған. Осылайша табиғи өнімнен дайындалған желе алынған.

Іңкәрдің айтуынша, оның басты мақсаты – балалар жақсы көретін тәттіні өз қолымен жасап көру ғана емес, өнімнің құрамына, дайындалу жолына және желатиннің қасиетіне зерттеу жүргізу болған.

Ғылыми жобаны облыстық кезеңде қорғау жас зерттеуші үшін оңай болмаған. Байқауға жиырмаға жуық оқушы қатысып, әрқайсысы өз еңбегін ортаға салған. Іңкәр де қажетті құрал-жабдықтарын өзімен бірге алып барған. Қорғау кезінде тәжірибесін көрсетіп, дайындаған өнімін таныстырған. «Жобамды дұрыс қорғай аламын ба?» деген алаңдаушылық болғанымен, жас зерттеуші өз жұмысын жақсы меңгерген. Қазылар алқасының сұрақтарына жауап беріп, тәжірибесін нақты көрсете алған. Нәтижесінде облыстық кезеңнің жүлдегері атанған.

Іңкәрдің қызығушылығы тек химиямен шектелмейді. Ол тарих пәнінен де олимпиадаларға қатысып жүр. Өткен оқу жылында ауылдық кезеңнен кейін аудандық олимпиадада бірінші орын алған. Облыстық кезеңде жүлделі орынға бір балл жетпей қалған.

Тарихқа деген қызығушылығы оның туған жеріне деген ықыласымен сабақтасып жатыр. Жас зерттеуші алдағы уақытта ғылыми жобасын осы бағытта жалғастыруды ойлап жүр. Егер тарих пәнін таңдаса, зерттеу жұмысын өзі туып-өскен Мойынқұмның тарихымен байланыстырмақ. Оқушының ойынша, туған жердің тарихын зерттеу арқылы тұтас өңірдің өткенін тануға болады. Әсіресе Мойынқұмның қазақ тарихындағы орны, Шу бойындағы тарихи мекендер, Қазақ хандығының құрылу кезеңі қызықтырады. Осы тақырыптарды жинақтап, ғылыми жұмыс жасауға ниетті.

Ал химия бағытын таңдаған жағдайда Іңкәр желатинге ұқсас басқа өнімді зерттеп көрмек. Өйткені оның ғылыми ізденіске деген қызығушылығы артып келеді.

Іңкәрдің ғылыми жобасына жетекшілік еткен ұстазы Айжан апай да оқушының ізденісіне қолдау көрсетіп келеді. Жас зерттеушінің өз идеясын ұсынып, оны тәжірибе арқылы дәлелдеуге талпынуы – оның басты ерекшеліктерінің бірі.

Әңгіме барысында Іңкәрдің жасаған жұмысын болашақта кәсіпке айналдыруға бола ма деген ой да туындады. Өйткені табиғи өнімнен желе дайындау идеясын шағын жоба ретінде дамытуға мүмкіндік бар. Әзірге бұл бағытта нақты қадам жасалмағанымен, оқушының өзі де болашақта ғылыми ізденісін одан әрі жалғастырғысы келеді.

Бүгінде Іңкәр үшін ең бастысы – бір байқауда жүлде алу емес, іздену. Бір қарағанда қарапайым көрінетін желеден ғылыми жоба жасап, оның құрамын зерттеп, өнімді өз қолымен әзірлеуі де соның бір дәлелі.

Мектеп қабырғасындағы осындай шағын тәжірибелердің үлкен ізденіске жол ашатыны бар. Бәлкім, бүгін желенің құрамын зерттеп жүрген Іңкәр ертең химия немесе тарих саласында өзіндік із қалдыратын маман болар. Қалай болғанда да, оның бүгінгі талпынысы – білімге қызығушылықтың, ізденістің және өз ісіне жауапкершілікпен қараудың жақсы үлгісі.