Ғалым – ақиқаттың шырақшысы

0 19

Кеше ұстаз, әдебиетші және ғалым Сәмен Құлбарақтың 70 жасқа толуына орай шығармашылық кеші «Достық» үйінде жоғары деңгейде аталып өтті. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы мен өзі 36 жыл қызмет істеген М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ұйымдастыруымен өткен бенефиске қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар, университет оқытушылары мен студенттер қатысты. «Әдебиет – ізгіліктің бастауы» атты әдеби кеште филология ғылымдарының докторы, профессор және «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәмен Оразғалиұлының  ұстаздық жолы, сыншылығы мен жазушылығы жан-жақты ашылды.

Кеш ұстаздың жаңа шығармасы «Мұхаммед Хайдар» тарихи романынан қойылған сахналық қойылыммен ашылды. Шығармадан алынған үзіндіні университет студенттері тамаша сомдап шықты. Ал әдеби кешті одан әрі аталған оқу орнының оқытушысы Бауыржан Махашев жүргізді. Бейнеролик арқылы ұстаздың еңбек жолы баяндалды.

Әдебиет танушы ретінде Сәмен ағай талай ақын-жазушылардың шығармаларын зерттеп, сын жазды. Осы жолда Тахауи Ахтановтың шығармашылығын зерттеп, докторлықты қорғады. Сондай-ақ ол М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті жанындағы «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығында ұлы ойшыл, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің мұрасын жан-жақты зерттеумен айналысты. «Дулатитану белестері» атты ғылыми жинақты құрастырды. Көп жылғы зерттеулерінің нәтижесінде «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати» (2024 жыл) атты ауқымды монография-эссесі жарық көрді. Ендігі кезекте ұлы ойшылға арнаған тарихи романы оқырманға жол тартып отыр.

Әдебиетші, ұстаз және ғалымды облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтап, аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын жеткізді. Облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырып, иығына шапан жапты.

Бенефисте оқырманымен ашық жүздескен ұстаз көңіл толқынысын жасыра алмады. «Сіздерді көріп, бүгін ерекше толқып отырмын. Ұлы ойшыл туралы шығарма жазуыма Үндістанға жасаған халықаралық экспедиция себеп болған еді. Біз Кашмирде Мұхаммед Хайдар Дулатидің зиратында болып, оның мұраларын жинастырдық. Ол сапар маған ерекше әсер етті. Ойшылдың 500 беттен тұратын орта ғасырлық «Тарихи Рашиди» еңбегімен таныса келіп, жастарға соны танытуды алдыма мақсат етіп қойдым. Менің зерттеуім осылай басталды. Бұған дейін біраз мақалалар мен еңбектер жарық көрсе, оның жалғасы бүгін қолдарыңызға тиген тарихи романға жол салды. Осы ретте мәліметтерді қайдан алдыңыз деген сұрақ туады. Мен оны ойшылдың «Тарихи Рашиди» еңбегінен алып, ондағы идеяларды басшылыққа ала отырып, жазушылық қиялыммен дамытып, көкем дүниеге айналдырдым», – дейді Сәмен Құлбарақ.

Әдеби кеш аясында ұстазды елімізге белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен жазушылар құттықтады. Соның бірі – елге белгілі әдебиет зерттеуші, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профeccор және академик Жанғара Дәдебаев «Еңбегімен дараланған, республикаға танылған азаматты біз сыйлаймыз» деп оған өз құрметін білдірді. Ал «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып, «Қазақ әдебиетінде қандай шығарма болса соған бірінші үн қататын азамат осы – Сәмен» деп бағасын берді. Замандасы филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы ғалым Қансейіт Әбдезұлы «Сәменді біз ҚазГУ-дің түлегі деп қабылдадық» деп еңбегін жоғары бағалап өтті.

Бұдан бөлек, ұстаз, ғалым, жазушы Сәмен Оразғалиұлына деген ізгі тілектерін профессор Алмасбек Мауленов, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің проректоры Мақсат Мұсабеков ыстық ықыласпен жеткізді. Университет проректоры жоғары оқу орнының ректоры Ләззат Еркінбаеваның лебізі мен құттықтау хатын оқып беріп, құрмет көрсетті. Ал әдеби кешке қатысқан университет оқытушылары мен студенттері ұстаздың құрметіне 70 қайтара қол соғып, құрметін білдірді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев кеш иесіне «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» төсбелгісін тапсырды. Ал жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы Сәмен ағаның сыншылық қырын сөз етті. Универистет доценті Темірбек Мұхашев жаңа кітаптың мазмұнымен таныстырды.

Кеш барысында автордың жаңа туындысы «Мұхаммед Хайдар» тарихи романының тұсауы кесілді. Атап өтерлігі бұл кітап облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен жарық көріп отыр. Сәмен Құлбарақ қорытынды сөзінде аймақ басшысы мен кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, «Бүгінгі жүздесуден мен рухани байлық алдым» деп түйіндеді.