Креативті Әулиеата елорда төрінде
Жамбыл жерінің өнері мен өркениетін, ұлттық құндылық пен заманауи шығармашылықты сабақтастырған ерекше жоба елордада көпшілік назарына ұсынылды. 5-6 қыркүйек күндері Астанадағы «Qazaq Creative Hub» алаңында «Асқақ рухты Әулиеата» атты креативті жәрмеңке ұйымдастырылып, өңірдің шығармашылық әлеуеті кеңінен таныстырылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында өткен шараның негізгі мақсаты – Жамбыл облысындағы креативті индустрия өкілдерінің еңбегін дәріптеп, олардың тың идеялары мен авторлық өнімдерін елорда аудиториясына таныстыру. Екі күнге созылған жәрмеңке барысында жамбылдық креаторлар өздерінің жаңа жобаларын ұсынып, өнімдерін көпшілікке сатылымға шығарды.
Жәрмеңкеге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Евгений Кочетов арнайы қатысып, өңірден келген шығармашылық өкілдердің жұмыстарымен танысты. Бұл – Жамбылдағы креативті бастамалардың ел көлемінде қолдауға ие болып келе жатқанын көрсететін маңызды қадам.
Шараның ауқымын оған келген қонақтар саны да аңғартты. Екі күннің ішінде жәрмеңкеге 6 мыңға жуық адам бас сұққан. Келушілер заманауи технологияларға негізделген жобалардан бастап, дәстүрлі қолөнер бұйымдарына дейінгі түрлі бағыттағы жұмыстарға қызығушылық танытты. Нәтижесінде жамбылдық кәсіпкерлер мен шығармашылық өкілдер 15 миллион теңгеден астам өнім өткізіп, өз туындыларына нарықта сұраныс бар екенін нақты көрсетті.
Жәрмеңкеде өңірдегі жоғары оқу орындары мен шығармашылық орталықтардың инновациялық жобалары да көпшілікке ұсынылды. М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті жасанды интеллект технологияларына негізделген «Зияткерлік және спорттық кофехана» жобасын таныстырса, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі цифрлық кәсіптік бағдар беруге арналған «Hermes Analytica» жүйесін ұсынды. Ал Ш. Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы заманауи «вайб-кодинг» технологиясы арқылы әзірленген шығармашылық жобаларын көпшілік назарына шығарды.
Бүгінде креативті индустрияның бір бағыты цифрлық технологиямен байланысты болса, екіншісі – ғасырлардан жеткен ұлттық өнерді жаңа сипатта дамыту. Осы тұрғыдан алғанда, жәрмеңкеде Жамбылдың қолөнер шеберлерінің жұмыстары да ерекше орын алды. Табиғи жүннен жасалған экологиялық таза бұйымдар мен жібек талшығын өндіруге бағытталған жобалар келушілерге таныстырылып, өнімдер сатылымға қойылды.
Инклюзивті бағыттағы шығармашылық жобалар да назардан тыс қалған жоқ. Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана «Алтын қор» цифрлы кітабын, төрт форматта әзірленген инклюзивті ертегі кітаптарын және 3D технологиясының көмегімен жасалған тактильді макеттерін көрсетті. Бұл жобалар заманауи технологияның әлеуметтік ортадағы мүмкіндігін айқын аңғартты.
Жәрмеңкенің мәдени бағдарламасы да мазмұнды болды. «ASPARA» брендінің неофольклорлық бағыттағы сән топтамалары көпшілікке ұсынылып, ұлттық нақыш пен заманауи сәннің үйлесімі көрсетілді. Жасанды интеллект көмегімен әзірленген қазақ ертегілері мен анимациялық фильмдер көрерменге жол тартты. Ал Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары «Әулиеата әуендері Астана төрінде» атты концерттік бағдарламасын ұсынып, елорда төрінде өңірдің музыкалық мәдениетін танытты.
Жергілікті баспалар шығарған кітаптар, суретшілердің картиналары, Қали Қораласбаевтың мүсіндері мен Алтынбек Қартабайдың фотожұмыстары да жәрмеңке қонақтарының қызығушылығын оятты. Осылайша, бір алаңда әдебиет, бейнелеу өнері, мүсін, фотография, сән, музыка, қолөнер және цифрлық технология тоғысты.
Жамбылдықтардың ұлттық өнерді заманауи форматта жаңғырту бағытындағы жұмыстарының бірі – «Қызғалдақ-мұра» халықаралық фестивалі аясында жасалған алып киіз туынды. Бұған дейін өңір қолөнершілері көлемі 200 шаршы метр болатын киіз басып, аталған еңбегімен Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енген еді. Ұлттық қолөнер мен Жамбылдың табиғи ерекшелігін ұштастырған бұл бірегей туынды да Астанадағы жәрмеңкеге қойылып, келушілердің ерекше ықыласына бөленді.
«Асқақ рухты Әулиеата» жәрмеңкесі Жамбыл облысының тек тарихи-мәдени мұрасымен ғана емес, жаңа технологияны меңгерген, тың идеяға ұмтылған жас буын мен шығармашылық кәсіп иелері бар заманауи өңір екенін де көрсетті. Елордадағы екі күндік шара жамбылдық креаторлар үшін өз өнімін таныстырып қана қоймай, жаңа аудитория тауып, нарықтағы орнын бағамдауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
Әулиеатаның рухын Астана төріне алып барған бұл жоба өңірдегі креативті индустрияның әлеуетін кеңейтіп, жергілікті шығармашылық өнімдердің ел көлеміндегі танымалдығын арттыруға жол ашқаны анық.