Құрылтай

Қытай халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырмақ

0 4

Қытай 2030 жылға қарай халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттыруды көздеп отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіш 79,25 жасты құраған. Жаңа мақсат Қытай Мемлекеттік кеңесі жариялаған халық денсаулығын жақсартуға арналған 5 жылдық жоспарда көрсетілген.

Синьхуа мәліметінше, құжат «Саламатты Қытай» бастамасы аясында әзірленіп, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған. Билік медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын ынталандыруға басымдық бермек.

Жоспарда қоғамдық санитариялық қауіпсіздік жүйесін нығайту, аурулардың алдын алу шараларын күшейту, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту және ауруларды ерте анықтау мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Сонымен қатар құжатта адам өмірінің барлық кезеңінде көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру, емдеу-сауықтыру қызметтерінің тиімділігі мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау саласындағы жаңа бағыттарды дамыту және саланы басқару жүйесін жетілдіру міндеттері белгіленген.

Қытай билігі бұл шаралар халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерін табысы жоғары елдердің деңгейіне жақындатып, өмір сүру ұзақтығын ғана емес, медициналық көмектің сапасын да арттырады деп есептейді.