Әулиеата өңірінде халықаралық экспедиция өтті
Облысымыз халықаралық деңгейдегі тағы бір маңызды мәдени-танымдық бастама алаңына айналды. 12–13 шілде күндері өңір аумағында «The Marco Polo Project – EV Journey from Europe to Asia» халықаралық экспедициясы ұйымдастырылып, оған қатысушылар Ұлы Жібек жолының бағыттарын заманауи электромобильдермен жүріп өтті.
Ауқымды жоба Еуропа мен Азия құрлықтарын экологиялық таза көлік арқылы байланыстыруды, Ұлы Жібек жолының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауды және тұрақты туризмді дамыту идеясын дәріптеуді мақсат етеді. Сонымен қатар бастама «Жасыл» технологияларды қолдауға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және мәдени байланыстарды кеңейтуге бағытталған.
Экспедиция барысында шетелдік қатысушылар Жамбыл облысының тарихи-мәдени және туристік әлеуетімен танысты. Олар өңірдегі бірқатар көрікті орынды аралап, Ұлы Жібек жолымен сабақтас тарихи ескерткіштерді тамашалады. Бұл сапар өңірдің бай мәдени мұрасын халықаралық аудиторияға таныстыруға және туристік мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауға жол ашты.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – қатысушылардың бүкіл бағыт бойынша электромобильдерді пайдалануы. Осы арқылы экологиялық қауіпсіз көлік түрлерінің артықшылықтары көрсетіліп, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Мамандардың пікірінше, мұндай халықаралық жобалар Жамбыл облысының туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, өңірді Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды мәдени және туристік орталықтардың бірі ретінде әлемге танытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама халықаралық әріптестікті дамытуға және өңірдің инвестициялық әрі туристік әлеуетін ілгерілетуге оң ықпал етеді.
Жалпы, «The Marco Polo Project – EV Journey from Europe to Asia» экспедициясының Жамбыл жерінде өтуі өңірдің халықаралық жобаларға ашық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, тарихи мұра мен заманауи технологияны ұштастырған тың бастамалардың қатарын толықтырды.