Құрылтай

Жұмыстан шығарылған «Apple» қызметкері құпия файлдарды ұрлаған

0 2

«Apple» компаниясы «OpenAI»-ді жасанды интеллектіге негізделген құрылғыларын әзірлеу кезінде өзінің құпия технологияларын заңсыз пайдаланған деп айыптады. Компанияның мәлімдеуінше, бұрын «Apple»-де жұмыс істеп, кейін «OpenAI»-ге ауысқан екі қызметкер болашақ өнімдерге қатысты құпия ақпаратты заңсыз берген.

«Apple» компаниясы «OpenAI»-ге қарсы сот ісі бойынша жаңа мәліметтерді жариялады. Компанияның таратқан ақпаратында «OpenAI»-ге ауысқан бұрынғы инженер «Apple»-дің қауіпсіздік жүйесіндегі бұған дейін анықталмаған осалдықты пайдаланып, компанияның ішкі ақпараттарына қол жеткізген.

«Apple» нұсқасына сәйкес, қызметкер жұмыстан кеткеннен кейін де корпоративтік желіге кіру мүмкіндігін сақтап қалған. Бұған аутентификация жүйесіндегі қате себеп болған. Компанияның айтуынша, ол осы осалдықты пайдаланып, бірнеше апта ішінде ондаған құпия файлды жүктеп алған. «Apple» дерегінше, қол жеткізілген материалдардың ішінде әлі таныстырылмаған өнімдер туралы мәліметтер, техникалық сипаттамалар, инженерлік таныстырылымдар және компанияның ішкі құжаттары болған.

Сондай-ақ сот құжаттарында бұрынғы қызметкердің «Apple»-ге тиесілі жұмыс ноутбугін қайтармағаны айтылған. Компанияның мәліметінше, ол бұдан бөлек «Apple»-де әлі жұмыс істеп жүрген, кейін «OpenAI»-ге ауысқан басқа қызметкердің есептік жазбасын пайдаланған.

«Apple» қауіпсіздік мәселесін анықтағаннан кейін осалдықты жойып, бұрынғы қызметкердің компания жүйелеріне қолжетімділігін тоқтатқан.