Туризм – орнықты дамудың маңызды факторы

0 14

Туризм – Қазақстан экономикасының өсімін қамтамасыз ететін әрі еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды салалардың бірі. Бүгінде Қазақстанның туристік саласы тұрақты өсім көрсетіп, өңірлік дамудың негізгі бағыттарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайтып келеді. Туристік ағынның артуы, инвестиция көлемінің рекордтық деңгейге жетуі, инфрақұрылымның белсенді дамуы және қонақүй қорының кеңеюі саланы ұзақмерзімді экономикалық тиімділікке бағдарланған жаңа даму моделіне көшіруге негіз болуда.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің туристік саласы тұрақты өсім көрсетті. Қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары 10 миллионнан астам қонақты қабылдады. Оның ішінде ішкі туристер саны 8,7 миллион адамды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 700 мың адамға артты. Сыртқы туризмде де оң динамика сақталуда. Орналастыру орындары қызметін 1,4 миллион шетелдік турист пайдаланды. Жалпы алғанда, бір жыл ішінде Қазақстанға 15,7 миллион шетел азаматы келді. Оның 11,1 миллионы туристік мақсатпен келген. Туристік ағынның өсуімен қатар саланың экономикалық қайтарымы да артып келеді. Орналастыру орындарының жиынтық табысы 350,6 миллиард теңгеге жетсе, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 1,3 триллион теңгеден асты.

Ал Жамбыл облысына өткен жылы 212400 турист келіп, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 6,7 пайызға артқан. Оның ішінде ішкі туристер саны 207597 адамды құрап, өсім – 6 пайыз, ал шетелдік туристер саны – 4803 адамды құрап, өсім – 44,3 пайызға жеткен. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының туризм саласын мемлекеттік қолдау, дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы Жомарт Хажының айтуынша, оларды орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 3,8 миллиард теңгені құрады, өсім 5,5 пайыз болған. Орналастыру орындарының біржолғы сыйымдылығы 7934 төсек-орынға жетіп, өсім 11,2 пайызды құраған. Елімізге келген туристердің басым бөлігі Қытай, Ресей мен Өзбекстан республикаларының азаматтары.

–  Туризм саласы бойынша инвестиция көлемі де тұрақты өсім көрсетуде. Қаңтар-сәуір қорытындысымен туризм саласына 4,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсім 19,5 пайызды құрады. Қазіргі уақытта туризм саласында жалпы сомасы 15 миллиард теңгені құрайтын 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде «Талбесік» этноауылы, «Hilton» мен «Sheraton» қонақ үйлері және «Тары» визит-орталығы сияқты ірі туристік жобалар бар. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, өткен жылы жалпы құны 7,6 миллиард теңгені құрайтын, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған 14 туристік нысан пайдалануға берілді, – дейді Жомарт Жайнақұлы.

Атап өтерлігі пайдалануға берілген нысандар Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніндегі «Ежелгі бекініс қамалы», «Тары» этно-мейрамханасы, «Аструм» жабық аквапаркі, «Қобыз», «Prime city hall», «Балташ» мейрамханалары, «Essenali» қонақ үйі, Байзақ ауданындағы «Жібек жолы», «Керуен», Шу ауданындағы «Шу Мұнай өнімдері», Жамбыл ауданындағы «Арзан сити» жол бойындағы сервис кешендері, Шу ауданындағы «Еламан» жаңа демалыс аймағы, Талас ауданындағы «Рахат-ай» мұз айдыны, Т. Рысқұлов ауданындағы «Этноауыл» демалыс аймағы. Бүгінгі күні бұл туристік нысандар өз жұмысын бастап кеткен.

Сондай-ақ соңғы жылдары облыста жаңа туристік нысандар, жол сервистері және демалыс орындары ашылып жатыр. Дегенмен, туризмнің дамуы тек ғимарат салумен шектелмейді. Ең маңыздысы – сапалы сервис, қауіпсіздік, қолжетімділік және тұрақты жарнама. Сол үшінде бүгінгі күні туристерге жайлылық қалыптастыру мақсатында инфрақұрылым мәселесіне басымдық берілуде. Басқарма өкілінің сөзінше, бүгінде туристік нысандардың инфрақұрылымын жүргізу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2026 жылы облыстың 3 туристік нысанына алып баратын автомобиль жолдарының құрылысын жүргізу көзделуде. Олардың қатарында ЖК «Мұхиев» демалыс аймағы (2,9 шқ), «Тамды» қасиетті бұлағы (0,5 шқ) және «Баласағұн» қалашығы (4,5 шқ) бар. Сонымен қатар, Меркі, Жуалы және Жамбыл аудандарының таулы аймақтарында 10 туристік соқпақтар (тропы) анықталып, арнайы туристік маршруттар әзірленген.

– «Жамбыл облысы аумағында орналасқан су объектілерінде жаппай демалу, туризм және спорт үшін орындар белгілеу туралы» Жамбыл облысы әкімдігінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі № 205 қаулысымен азаматтардың өз бетінше демалуына арналған 12 орын бекітілген. Аталған шомылуға рұқсат берілген жерлерде қауіпсіздік ережелері туралы ақпараттық тақтайшалар орнатылды. Олардың ішіндегі 8 орынға жеке кәсіпкерлердің қатысуымен мангал және барбекю аймақтары жабдықталып, санитариялық-гигиеналық тораптар және қоқыс контейнерлері орналастырылды. Ал қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында, шомылу маусымы басталар алдында жұмыс тобы құрылып, осы жылдың маусым айында барлық шомылу орындарына зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады, – дейді Жомарт Хажы.

Туристік бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету шараларына тоқталар болсақ, бүгінгі күні облысы аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 25 модульдік санитариялық-гигиеналық торап орналасқан. Туристік бизнес субъектілерінің туристер үшін тартымды аумақтарда және оларға алып баратын автомобиль жолдары бойында орналасқан санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарының бір бөлігін субсидиялау қағидаларына сәйкес, мемлекеттік қолдау шаралары 2022 жылы 6 кәсіпкерге, 2023 жылы 12 кәсіпкерге, 2024 жылы 15 кәсіпкерге, 2025 жылы 23 кәсіпкерге көрсетілген. Биыл 25 кәсіпкерге жалпы сомасы 18 миллион 743 мың теңге көлемінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Яғни, аталған мемлекеттік қолдау шаралары облысқа келетін туристер ағынын ұлғайтуға, туристік өнімдерді дамытуға, туристік инфрақұрылымды жақсартуға және көрсетілетін туристік қызмет сапасын арттыруға бағытталған.

Облыста туризм саласындағы жарнамалық-имидждік саясатты іске асыруға ерекше мән беріледі. Туристерді көбірек тарту үшін аймақтың халықаралық деңгейде танымал болуын және оның тартымды туристік имиджін қалыптастыру өте маңызды. Осыған байланысты облыстың туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында халықаралық және республикалық деңгейдегі бірқатар имидждік іс-шаралар әрдайым өткізіліп тұрады. Мәселен, 2025 жылы өңірге келетін туристерді көптеп тарту мақсатында «Туристік маусымның ашылуы – 2025» фестивалі, «Jibek Joly» туристік пойызы, «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі, «Меркі – 2025» тау фестивалі, «Еуразия жүрегіне саяхат» халықаралық экспедициясы, қолөнершілердің біліктілігін арттыру курстары сияқты іс-шаралар өткізілді.

Биыл «Kazakh Tourism» ҰК» Акционерлік қоғамымен әзірлеген республикалық оқиғалар күнтізбесіне облысы аумағында ұйымдастырылып, өткізілетін үш халықаралық іс-шараны айтуға болады. Ол іс-шаралар осы жылдың 22-25 сәуірі аралығында ұйымшылдықпен өтті. яғни, «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі 22-24 сәуір аралығында, «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығы 22-25 сәуір аралығында Тараз қаласында және «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі 25 сәуірде Талас ауданындағы Қаратау тау бөктерінде өткізілді. Бұл іс-шараларды тамашалаған адамдардың жалпы саны 9 мыңнан асты. Оның ішінде Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз, Түрік, Нидерланд, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея елдерінің өкілдері болды.

Өткізілген іс-шаралар, табиғатты, ұлттық мәдениетті, қолөнерді, дәстүрлі спорт түрлерін және халықаралық ынтымақтастықты біріктірген ауқымды алаңға айналды. Нидерланды Корольдігі қонақтарының Жамбыл облысына 40 мың қызғалдақ баданасын сыйға тартуы, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды. Сонымен қатар, «Көрісу күні – Амал мерекесі» фестивалі,  «Silk Way Fashion Experience» фестивалі, «Жаңарған қолтаңба» қолөнершілер көрмесі және Республикалық Аналар кеңесінің «Аналар Кеңесі: саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» тақырыбындағы халықаралық форумы  аясында  қолөнершілер көрмесі өткізілді.

  – Өздеріңіз жақсы білетіндей, облысымызда өткізіліп жатқан іс-шаралардың басты мақсаты – өңірімізге туристер тарту. Мәселен, осы жылдың 5 наурызында өңірдің мәдени-туристік әлеуетін арттыруға, ұлттық мұраны насихаттауға және қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған «Жаңарған қолтаңба» атты қолөнершілердің есептік көрмесі өткізілді. Көрменің мақсаты – 2025 жылдың 25-26 қараша күндері өткен «Қолөнершілердің кәсіби біліктілігін арттыру» іс-шарасы аясында іріктеуден өтіп, ағаш, қыш, зергерлік және жібек бағыттары бойынша Өзбекстан мемлекетінің Ташкент және Самарқан қалаларында, сондай-ақ Қырғыз мемлекетінің Бішкек қаласында шеберлік сабақтарынан өткен қолөнершілердің аралық қорытынды жұмыстарымен таныстыру болды. Сонымен қатар олардың шығармашылық және кәсіби даму нәтижелерін көрсету, өңірлік қолөнер өнімдерінің сапасы мен әлеуетін айқындау, ақпараттық қолдау көрсету және ілгерілету көзделді. Аталған іс-шараға 50-ден астам көрермен келіп, қолөнер туындыларымен танысты. 

Ал 16 наурызында Тараз қаласының орталығында орналасқан Төле би ескерткіші маңында қазақ халқының көне әрі тағылымы мол дәстүрлерінің бірі – Көрісу күні (Амал мерекесі) кең көлемде аталып өтілді. Көрісу күні – адамдардың бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасатын, өкпе-ренішті ұмытып, ізгі тілектерін білдіретін ерекше күн. Мереке ұлттық бірлікті нығайтып, қоғамдағы өзара сыйластық пен татулықты арттыруға, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Сондай-ақ 25 сәуірінде Талас ауданына қарасты Қаратау тауларының бөктейінде орналасқан Есейхан ауылының маңында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өткізілді. Фестивальдің негізгі мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін кеңінен насихаттау арқылы әлемге танымал ету, аумақтың экожүйесі мен мәдениетінде маңызды роль атқаратын жабайы қызғалдақтар ландшафттарын бірегей мұра ретінде сақтап қалу және оны халықаралық деңгейдегі мәдени-туристік бренд ретінде қалыптастырып, сол арқылы өңірге келетін туристер санын арттыру. Фестивальді 50-ге жуық шетелдік қонақтар және 6 мыңнан астам Тараз қаласы мен облыс тұрғындары тамашалады. Фестиваль аясында Жамбыл облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы, «Қызғалдақ патшасының тарихы» атты театрландырылған қойылым, эстрада жұлдыздары Серік Ибрагимов, Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиеваның қатысуымен концерттік бағдарлама, 20-дан астам киіз үйлер, алтыбақан мен фудкорт алаңдары, қолөнер туындыларымен танысуға мүмкіндік беретін қолөнершілер көрмесі, табиғат аясында белсенді демалысты насихаттайтын аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, қол күресі, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, асық ату сияқты түрлі ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар, қазақ халқының бай мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін дәріптейтін «Үздік бие сауыншы» сайысы мен «Қымызмұрындық» рәсімі ұйымдастырылып, көрермендер назарына ұсынылды. Мұның бәрі жоғарыда айтқанымыздай, туристерді облысымызға көптеп тарту аясында ұйымдастырылған іс-шаралар. Мұндай-іс-шараларды алдағы уақытта да көптеп өткізу жоспарлануда, – дейді облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының туризм саласын мемлекеттік қолдау, дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы Жомарт Хажы.

Қорыта айтқанда, бүгінде Қазақстанда туризм тек демалыс саласы ретінде ғана емес, өңірлер экономикасына, инвестициялық белсенділікке және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін толыққанды сала ретінде дамып келеді. Туристер санының артуы, саладан түсетін кірістің өсуі, инфрақұрылымның жаңаруы және цифрлық шешімдердің енгізілуі еліміздің халықаралық туристік картадағы орнын нығайтуға берік негіз қалыптастырып отыр. Мемлекеттік бастамалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы және бизнестің белсенді қатысуы туризмді Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық өсімінің маңызды драйверлерінің біріне айналдыруға мүмкіндік беруде.