Жуалыда жүйелі жұмыс жалғасуда

0 2

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Брифинг барысында ауданның 2026 жылдың алғашқы бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланып, алдағы жоспарлар таныстырылды.

Спикердің айтуынша, есепті кезеңде ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң өсім сақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 19 миллиард 613,6 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,3 пайызға артқан.

– Бұл өсім инвестициялық белсенділіктің жоғарылауымен, құрылыс саласының қарқынды дамуымен және агроөнеркәсіптік кешендегі тұрақты өндіріс көлемімен байланысты, – деді аудан әкімі Жалғас Мұртаза.

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 3 миллиард 80,3 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 134,7 пайызға жеткен. Әкімнің сөзінше, бұл аудан экономикасына жаңа жобалардың жүйелі тартылып жатқанын көрсетеді.

Құрылыс саласында да айтарлықтай өсім бар. Қаңтар сәуір айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 1 миллиард 796,9 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 198,9 пайызды құраған. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 5 591 шаршы метр болып, өткен жыл деңгейінен жоғары қалыптасқан.

Жергілікті бюджет кірістері де жоспардан асыра орындалған. Жоспарланған 2 миллиард 112 миллион теңгенің орнына бюджетке 2 миллиард 183,9 миллион теңге түсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,6 пайыздық өсім тіркелген.

Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі бағыты ретінде тұрақты дамып келеді. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6 миллиард 934,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,8 пайыз болған.

– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 55 мың гектардан астам алқапқа орналастырылды. Оның ішінде күздік бидай, жаздық масақты және майлы дақылдардың көлемі едәуір артты, – деді спикер.

Көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында шаруашылықтарға 2279 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініп, 16792,5 тонна минералды тыңайтқыш енгізілген.

Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Егер өткен жылы мұндай технологиялар 2430 гектар алқапта қолданылса, биыл бұл көрсеткішті 3 700 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 116 гектарға тамшылатып суару жүйесі орнатылып, қосымша 110 гектарға жаңбырлатып суару қондырғыларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ұзындығы 30 шақырым болатын бес каналға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу көзделген. Жобалар толық іске асқан жағдайда қосымша 1877 гектар суармалы жер айналымға енгізіледі.

Брифингте инвестициялық жобалар жайы да сөз болды. Жалпы құны 7,7 миллиард теңгені құрайтын жеті инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның екеуі ауыл шаруашылығы саласына, екеуі өнеркәсіпке, үшеуі туризм саласына тиесілі. Өнеркәсіп саласында бес ай ішінде 6 миллиард 947,8 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Әсіресе, сүт өңдеу және мақсары майын өндіру жобалары ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек.

Сауда айналымы да оң нәтижемен аяқталған. Жалпы сауда көлемі 3 миллиард 934,3 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайызға өскен. Инфрақұрылымды дамыту бағытында Қайрат, Бақалы және Көлбастау ауылдарында ауызсу жүйелерінің құрылысы жалғасуда. Көлбастау ауылындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Ал Бауыржан Момышұлы ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңғырту жобалары бойынша қажетті құжаттар әзірленіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

Автомобиль жолдарын жақсарту бағытында жалпы ұзындығы 20,52 шақырымды құрайтын сегіз жобаның құжаттары дайындалған. Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар жолдардың 3 мың шаршы метр бөлігінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда, Жуалы ауданында жыл басынан бері негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім қалыптасқан. Аудан басшылығы жыл қорытындысында барлық жоспарлы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Брифинг соңында тілшілер қауымы спикерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жобаларға қатысты жан-жақты әрі мазмұнды жауаптар алды.