Жобаларды оңтайландыру арқылы 14 миллиард теңге үнемделді

0 2

Облыс әкімінің қаулысына сәйкес «Сәулеттік бюро» мекемесі қайта құрылып, бүгінде «Жамбыл бас жоспары» зерттеу-жобалау дамыту институты ретінде жұмыс істеуде. Институтқа өңірдің сәулеттік келбетін жақсарту, заманауи урбанистикалық шешімдерді енгізу, жобалық-сметалық құжаттамалардың сапасын бақылау және қалалық ортаның брендбук жүйесін әзірлеу секілді маңызды міндеттер жүктелген. Өткен жылы мекеме тарапынан жалпы 84 жоба қаралған. Оның ішінде 46 жоба мақұлданып, 16 жобаға ұсыныстар берілген. Ал 6 жоба қайта пысықтауға қайтарылып, 16 жоба мемлекеттік сараптамадан өтуіне байланысты қараудан алынған. Нәтижесінде 1 миллиард 59 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражаты үнемделіпті.

Биыл институт қарауына 22 жоба түскен. Оның 5-і келісім алып, 3 жобаға ұсыныс берілген. Сонымен қатар 9 жоба қайта пысықтауға жолданса, 5 жоба сараптамадан өтуіне байланысты қараудан алынған. Жалпы соңғы үш жылда облыста жобалық-сметалық құжаттамаларды оңтайландыру нәтижесінде бюджет қаражатынан 14 миллиард теңге үнемделген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әлібек Аманбай мәлімдеді.

Басқарма басшысы брифинг барысында салада атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған негізгі міндеттерді таныстырды. Баспасөз мәслихатында мемлекеттік қала құрылысы кадастрын толықтыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды. Қолданыстағы талаптарға сәйкес Тараз қаласы бойынша 45 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы мен аудандардағы 78 елді мекеннің бас жоспары ақпараттық жүйеге енгізілуі тиіс. Осы мақсатта бүгінде 10 аудан бойынша 78 бас жоспарды және Тараз қаласына қатысты 45 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу мен түзету жұмыстары жүргізілуде.

Басқарма басшысы қала құрылысы саласындағы маңызды талаптардың бірі саналатын «қызыл сызық» нормаларының сақталуына да тоқталды. Заңнамаға сәйкес «қызыл сызық» – кварталдар мен шағын аудандарды көшелерден бөліп тұратын шекара. Бұл талаптың сақталуы елді мекендердің жүйелі дамуы мен құрылыс тәртібін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Осыған байланысты Тараз қаласы мен аудандардың бекітілген бас жоспарларына сәйкес жыл сайын мониторинг жүргізіледі. Соңғы тексерулер барысында облыс аумағында «қызыл сызық» талаптарын бұза отырып салынған 152 құрылыс нысаны мен сауда дүңгіршегі анықталған.

Олардың 15-іне қатысты тиісті шаралар қабылданған. Ал 58 нысанның құжаттары заңдастырылып, 6 нысан бойынша сотқа дейінгі ескертулер мен талап арыздар берілген. Қалған 73 нысанның құжаттарына зерделеу жүргізіліп, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Сонымен қатар облыста елді мекендерді цифрландыру және геокеңістіктік деректер қорын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда елді мекендердің 84,6 пайызы масштабы 1:2000 және 1:500 болатын аэрофототүсіріліммен қамтылған. Алдағы уақытта тағы 51 елді мекенде аэрофототүсірілім жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ Тараз қаласы бойынша 2021 жылы түсірілген аэрофотоматериалдарды жаңарту жұмыстары қолға алынған.

Мамандардың пікірінше, мұндай жұмыстар құрылыс саласындағы тәртіпті күшейтіп қана қоймай, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және елді мекендердің тұрақты дамуына оң ықпал етеді.