Қауіпсіздік мәдениеті – балалық шақтан басталады
Жуалы ауданында жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шаралары түсіндірілді.
Жуалы ауданында мектеп жанындағы жазғы лагерьлерде демалып жатқан оқушылар мен мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілеріне арналған қауіпсіздік сабақтары ұйымдастырылды. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – балалардың төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі білімін арттырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Кездесу барысында мамандар өрт қауіпсіздігі талаптарын, су айдындарында демалу кезіндегі сақтық шараларын және жер сілкінісі кезінде дұрыс әрекет ету тәртібін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ балаларға төтенше жағдай туындаған сәтте сабыр сақтап, қауіпсіз жерге шығудың маңыздылығы айтылды.
Түсіндіру жұмыстары барысында жаз мезгілінде табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Мамандар отты тек арнайы белгіленген орындарда жағу, оны қараусыз қалдырмау және демалыс аяқталған соң толықтай сөндіру қажеттігін ескертті. Мұндай қарапайым ережелердің сақталмауы орман және дала өрттерінің туындауына себеп болуы мүмкін екені айтылды.
Іс-шара барысында балалар қауіпсіздікке қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын меңгерді. Танымдық кездесулер қатысушылардың қызығушылығын арттырып, олардың қауіпсіздік мәселесіне деген жауапкершілігін күшейте түсті.
Мамандардың айтуынша, жас ұрпақтың өмір қауіпсіздігіне қатысты сауатын арттыруға бағытталған осындай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.