Кәсіпкер ауыл ақсақалдарына ғажайып сапар сыйлады

0 4

Адам баласы өз әлінше бір-біріне жақсылық жасағанға не жетсін, шіркін. Жақында Ақсу ауылындағы кәсіпкер Айтқожаев Асхат Бауыржанұлы Ақсу ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Іңкәрбеков Әуесхан бастаған, ішінде мен де бар Қырбасов Жұмахан, Шәмізов Әсет, Бірімқұлов Шәріп сынды ақсақалдарды Түркістан қаласына сапарлатып келді.

Ауылдан таңғы сағат жетілерде кәсіпкердің ақ дастарханынан дәм татып, жолға шықтық. Құлан даласында бабамыз Дулаттың зиратына бас сұғып, құран бағыштап, зиярат еттік. Одан кейін Тараз қаласының жанындағы Айша бибі ауылындағы Айша бибі мазарына кіріп шықтық. Ары қарай Сайрамдағы Ботбай бабамыздың басына барар кезде, ауылдың тумасы кәсіпкер Тілеужанов Болат Бақытжанұлы тосып алып, түскі ас беріп, үлкен құрмет көрсетті. Оған бәріміз риза болып, батамызды бердік. Шымкент қаласынан Арыстанбабқа шығарып салды.

Сол күні Арыстанбабқа барып, баба басына және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің басына зиярат еттік. Сол Арыстанбабта қонып, ертесінде ақын Мұхтар Шаханов пен Көпен Әмірбектің мүрдесіне зиярат етіп, құран бағыштадық.

Содан Түркістан қаласына жаңа салынып жатқан жолмен бардық. Түркістан қаласында соның алдында Түркі елдері басшыларының саммиті өткен болатын. Қала бізді өте керемет әсермен қарсы алды. Керемет, жайнаған әсем қала екен. Көркіне көз тоймайды.

Содан тамақтанып алдық та, Қожа Ахмет Яссауи бабамызға зиярат етіп, құран бағыштадық. Арнаулы көлікпен қаланы араладық. Әсеріміз керемет болды. Қалада шығыс моншасына түсіп, жуынып-шайынып алдық. Түстен кейін Түркістан облысындағы Укаша атамыздың  басына барып, құран бағыштап, зиярат еттік.

Содан кешкі тамағымызды Шымкент қаласынан ішіп, ауылымызға түнгі үштерде аман-есен жеттік. Ғажайып сапар сыйлаған, демеушілік жасаған кәсіпкерлер Айтқожаев Асхат Бауыржанұлы, Тілеужанов Болат Бақытжанұлы, Молдабаев Сәтберген, Тоқтағұл Нұргелді, Ерназардың ұлы Бексұлтан бауырларымыз бен жүргізуші Өркенбаев Нұржан Намазұлына шексіз алғысымызды білдіреміз!

Мақаламды мынандай жыр шумақтарымен түйіндегім келеді.

Адамгершілік — адамдардың арманы,

Қайырымдылық — жақсы жандар иманы.

Ниеттерің қабыл болсын, бауырлар,

Ғажайып сапарды біздерге сыйлады.

Армандарың сәтті болсын, бауырлар,

Сендерге тілекші үлкен қауым бар.

Жақсылық жасаңдар, жарандар,

Қолдайтын, қорғайтын Адамдар!!!