Өртке қарсы дайындық пысықталды
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен Шу ауданының Төле би ауылында орналасқан «Жайсан» дәмханасында өрт-тактикалық оқу-жаттығу сабағы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – өрт сөндіру бөлімшелерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыру, төтенше жағдайлар кезінде күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын жетілдіру және жедел шешім қабылдау дағдыларын дамыту.
Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес нысанда шартты түрде өрт шыққаны туралы дабыл беріліп, өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жедел жетті. Құтқарушылар алдымен жағдайды бағалап, өрттің таралу қаупін анықтады. Кейін өрт ошағын оқшаулау және сөндіру бойынша тиісті іс-шараларды жүзеге асырды.
Сабақ барысында адамдарды қауіпсіз жерге көшіру, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету және өрт сөндіру техникалары мен арнайы жабдықтарды тиімді пайдалану бойынша практикалық жаттығулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар бөлімшелер арасындағы байланыс пен үйлесімді әрекетке ерекше назар аударылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдайлар кезінде туындауы мүмкін түрлі қауіп-қатерлерге дайындықты арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жеке құрамның кәсіби шеберлігін шыңдап, нақты жағдайларда жедел әрі тиімді әрекет етуіне ықпал етеді.
Өрт-тактикалық сабақтың қорытындысы бойынша қойылған міндеттер толық көлемде орындалып, жеке құрамның даярлық деңгейі жоғары екені байқалды. Оқу-жаттығу барысында құтқарушылардың үйлесімді жұмысы мен жедел әрекет ету қабілеті сыналып, тәжірибелік машықтары жетілдірілді.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті өңір аумағында осындай оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп тұратынын атап өтті. Бұл шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып табылады.