Құлпынай да қып-қызыл табыс көзі

0 7

Меркі ауданында отызға жуық жылыжай бар. Бүгінде оның 24-інде көкөніс пен бақша өнімдері өсірілуде. Олардың көлемі де әртүрлі. Бірі он соттықты құраса, енді бірі бір гектарға жуық аумақты алып жатыр. Үлкен шаруа қожалықтардан бөлек, жеке кәсіпкерлер де үй іргесіндегі 20-30 сотық жер телімдеріне жылыжай салып, көкөніс өсіруді қолға алуда. Соның бірі – жеке кәсіпкер, Меркі ауылының тұрғыны Азамат Комолов. Ол өз үйінің іргесіндегі отыз соттыққа жуық жер телімінің 16 соттығына жылыжай салған. Қасынан тағы 2-3 соттықты құрайтын жаңа жылыжай құрылысын бастап қойыпты. Алда ол жерде қозықұйрық өсірмек. Бұдан бөлек, 5 сотық жерге бақшалық орналастырған. Оның төрт соттығында құлпынай өсіп тұр.

Бастапқыда кәсіпкер ауласында қияр өсіріпті. «Қиярдан да жаман өнім алғанымыз жоқ. Оның жұмысы көп, табысы аз болды. Кәсібімізді бір бағытта ғана дамытып қоймай, халықтың қандай дақылға, жеміске, көкөніске деген сұранысының жоғары екенін зерттедім. Менің бұл істегі көмекшім интернет болды. Компьютерден керектің бәрін табасың. Әлеуметтік желі арқылы да елдің пікірін біліп отырдым. Құлпынайды өсіруді қолға алмас бұрын оны екі жыл бойы жан-жақты зерттеумен болдым. Сөйтіп оның мол өнім беретін американдық «Альбион» сұрпына тоқтап, интернет арқылы америкалық кәсіпкерге шығып, мың көшетке тапсырыс бердім», – дейді Азамат.

Кәсіпкерге мың түп көшет 400 мың теңгеге түсіпті. Америкалық кәсіпкер көшеттерді арнайы контейнермен Алматыға ұшақпен салып жіберген. Сөйтіп 2018 жылдың қыркүйек айында ауласындағы 5 сотық жерге құлпынайды көшеттеп отырғызады.

– Бұрын үй іргесіндегі жерге көкөніс егіп, пайдасын көріп келсек, енді құлпынайға арнап жылыжай салу керек болды. Жұбайым Рахима екеуміз несие алу үшін банктерге қайырылдық. Бақша салып табыс тауып отырған бізбен ешқандай екінші денгейлі банк жұмыс істеуге ниет танытпады. Сөйтіп жүргенде сол тұста ауданды басқарған Мейірхан Өмірбектің ауыл кәсіпкерлерімен өткізген бір жиынына қатысып, сонда өзімнің жоспарымды айтып едім, көмектесуге уәде етті. Аудан басшысының көмегімен  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы Даму қорынан жеңілдетілген 6 пайызбен 5 жылға 6 миллион теңге несие алдық, – дейді кәсіпкер.

Айтпақшы Азаматтың темір дәнекерлеуге икемі бар. Бұл кәсіпті өз бетінше оқып-үйренген ол темірден түрлі заттар жасай біледі. Мұнысы жаңа кәсіп бастауда көп көмегі тиді. Несиесіне жылыжайға қажетті барлық құрал-жабдықты құрылыс дүкенінен сатып әкеліп, өз қиялындағы жылыжайды қарапайым тәсілмен қиюластырып, құрастырып шыққан. Қарапайым болатындығы сол, онда жылуға деп отынға, жарыққа деп электр қуатына ақша жұмсамайды. Судың өзін жаңбырдан жинап алып, тамшылатып ылғалдандырып отырған жайы бар.

Сырты күн қуатын жақсы өткізетін қалың кленкамен қапталған. Төбесі бірнеше бөлікке бөлініп, үш бұрышты шатырлар жүйесі қаз-қатар орын алған. Олардың біріккен тұстарына  су ағар науалар орнатылып, жоғарыдан төмен жорғалаған су науа арқылы жиналып келіп, құлдилаған күйі жылыжайдың түбіндегі 100 текшеметр су сиятын бассейінге құйылады. Осы тәсілмен жинап алған су бір айға жетеді екен. Ал құрғақшылық болған жылы суды арықтағы ағын судан толтырып алуға да мүмкіндігі бар. Шындығын айтқанда, кәсіпкердің қарапайым суару жүйесі бізді де таңқалдырмай қоймады. Осының барлығы Азаматтың қажырлы ізденісі мен талай күнгі еңбегінің жемісі. Талабың, ынтаң болса бәрін жасауға болатындығын Азаматтың жасаған жұмысынан көрдік.

Ауладағы көшеттерін өткен жылы көшеттеп біразын жылыжайға орналастырыпты. Жылыжайдан аптасына 100 килограмм құлпынай жинап, өңір нарығына жіберіп отырады. Жақсы өнім алу үшін аптасына оны жазда – 3, күзде – 2 қайтара суарады. Қажетті тыңайтқышын, дәрісін уақтылы беріп отырғандықтан да құлпынайының ең кішкентайының өзі  бармақтай. Жаздың күндері оның килограмын – 1200 теңгеден берсе, қазір 1000 теңгеден өткеруде. «Өзіміздің Тараз қаласы мен Меркі базарында тұрақты алушымыз бар. Өздері көліктерімен келіп, тиеп әкетіп те тұрады. Жұмысымызды бастаған жылы ала жаздай жасаған жұмысымыздың арқасында табысымыз көбейіп, несиемізді уақытынан бұрын жапқан едік», – дейді кәсіпкер. Сонымен бірге кәсіпкер көшетін көбейтіп, Алматы мен Шымкент қалаларынан және өзіміздің Қордай ауданынан тапсырыс берген кәсіпкерлерге сатып та табыс тауыпты.

Жалпы бұл кәсіпті ертерек бастауға болар еді. Бірақ бізде қаржы болмады. Аудан әкімінің көмегінен кейін барып, шаруамыз жүрді.  Енді басқа да идеяларымызды жүзеге асыру үшін тағы да несие алсақ деп құжат жинастырудамыз» дегенді айтып қалды Азамат сөз арасында. Құлпынайды жұбайы Рахима, қыздары Умида мен Мехрибон және өзі тереді.

Алайда жылыжайдың жұмысы туралы газеттен, теледидар арқылы хабардар болған тексеруші органдардың өкілдері  жылыжайға ағылып, кәсіпкердің біраз мазасын алған көрінеді. Біз барғанда да кәсіпкердің бізге тосырқай қарап, ашыла қоймағандағы құпиясын енді ұққандай болдық. Кәсіпкерге  «жылыжайыңды қалай жылытып жатырсың, табиғи газ жағып отырсың ба?» деп газ шаруашылығынан, «көмір жағып отырсың ба, экологияны бұздың ба?» деп экологияны бақылайтын мекемеден, «жарықты қайдан алып отырсың?» деп бір мекемеден, сосын өрт сөндіру, салық органдарынан тексерушілер  қаптап кеткен ғой. Бұл Азаматтың кәсіпкерлікке деген құлшынысын біраз таптап тастағаны рас. Біз барған кезде кезекті тексерушілердің бірі ме деп қалған ол кейіннен барып қабағы ашылып, кәсібімен жан-жақты таныстырды. Қарап отырсақ, кеше ашылып, бүгін жабылып қалып жатқан ортаңқол кәсіпкерлердің жұмысының алға баспауына бірден бір себеп, осындай тексерулердің көптігі сияқты.

Жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпкердің алға қойған мақсаты да көп. Ол несие алып жүзімдік салуды жоспарлап жүр. Ол үшін аудан әкімінен 5 гектар жер сұрап отыр екен. Жер берсе, жүзімнің көшетін алып келіп, жұмысын алдағы жылы бастап кетпек ниетте. Оның бір гектарына жылыжай салып, ауылдастарын жұмыспен қамтығысы келеді.

Жұбайының ісіне Рахима Сейдалиева да қолдау көрсетіп отыр. «Қазір жұмыс табу қиын екенін жақсы білесіз. Қарап отырғанша, көкөніс өсіруге, ден қойдық. Енді бес жылдан бері құлпынайды айналдырудамыз. Жұмысымыз жолға түсіп келеді. Жазда өз күшіміз жетпей жатса көршілерді көмекке шақырып, ақысын төлеп жұмыс істетеміз. Енді жұбайым екеуміз шаруамызды кеңейтіп жұмыссыз отырған көршілерге жұмыс берсек деген ниетіміз бар», – дейді Рахима.