Құтқарушы мамандығына қызығушылық артты

0 6

Байзақ ауданында жасөспірімдердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тағылымды шара ұйымдастырылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастамасымен Сарыкемер ауылындағы №8 өрт сөндіру бөлімінде ашық есік күні өтіп, оған Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.

Танымдық кездесудің басты мақсаты – жас буынға өрт қауіпсіздігінің маңызын түсіндіру және құтқарушы мамандығының қыр-сырын таныстыру. Шара барысында оқушылар өрт сөндіру бөлімінің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, мамандардың жауапты қызметі туралы мол мағлұмат алды.

Экскурсия кезінде бөлім қызметкерлері арнайы техникалар мен заманауи құрал-жабдықтардың жұмыс істеу тәртібін көрсетіп, төтенше жағдай кезінде қолданылатын жабдықтардың ерекшеліктерін түсіндірді. Сондай-ақ оқушылар өрт сөндірушілердің арнайы киімдерін киіп көріп, қызметтік автокөліктердің мүмкіндіктерімен жақынырақ танысты.

Мамандар балаларға өрттің алдын алу жолдарын, қауіпсіздік ережелерін және төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету тәсілдерін де жан-жақты түсіндірді. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің өмір қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, болашақ мамандық таңдауға да оң ықпал ететіні анық.

Айта кетейік, соңғы жылдары өңірде мектеп оқушыларына арналған профилактикалық және танымдық іс-шаралар жиі ұйымдастырылып келеді. Бұл – жас ұрпақтың қауіпсіздікке бейжай қарамайтын саналы азамат болып қалыптасуына бағытталған маңызды қадам.