Өрт сөндірушілер ерлікке тағзым етті
Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Т.Рысқұлов ауданында тағылымы терең іс-шара ұйымдастырылды. Аудандық №10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері тарихи мұраны дәріптеу мақсатында аудандық мұражайға арнайы барып, соғыс жылдарының шежіресімен танысты.
Танымдық экскурсия барысында құтқарушылар Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі ел басына түскен ауыртпалықтар, майдан даласындағы жауынгерлердің ерлігі және тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі туралы мол мағлұмат алды. Мұражай қорында сақталған тарихи жәдігерлер мен архивтік құжаттар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Экскурсия жетекшісі сұрапыл соғыс жылдарындағы халықтың ауызбіршілігі, отансүйгіштік рухы мен төзімділігі жөнінде кеңінен әңгімелеп, әрбір экспонаттың өзіндік тарихына тоқталды. Әсіресе майданнан жолданған хаттар, сарбаздардың жеке заттары мен марапаттары қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақ пен азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің бойында тарихи жадыны қалыптастыру, ел қорғаған батырлардың ерлігін ұлықтау және патриоттық рухты нығайту. Құтқарушылар мұндай кездесулердің өткенді құрметтеп, бейбіт күннің қадірін терең түсінуге ықпал ететінін атап өтті.
Тарихқа тағзым – елдік сананың айқын көрінісі. Сондықтан ұлт жадында сақталған қастерлі мұра мен ерлік жолын насихаттау алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.