Клуб мүшелерінің қатары толықты

0 3

Жаңатас қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында оқушылардан құралған «Жас құтқарушы» клубының мүшелеріне арнайы куәлік табыстау рәсімі өтті. Тағылымды шараны Сарысу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, түрлі төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге баулу және құтқарушы мамандығына қызығушылықтарын арттыру.

Кездесу барысында сала мамандары оқушыларға құтқарушылар қызметінің қоғамдағы орны мен маңызын кеңінен түсіндіріп, бұл мамандықтың батылдық пен үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Сондай-ақ мектеп оқушыларына қауіпсіздік ережелері таныстырылып, өрт, табиғи апат және өзге де төтенше жағдайлар кезінде өзін ұстау тәртібі жөнінде арнайы нұсқаулық берілді.

Салтанатты рәсімде «Жас құтқарушы» клубының мүшелеріне куәліктер тапсырылып, олардың алдағы уақытта қоғамдық қауіпсіздік шараларына белсенді атсалысатынына сенім білдірілді. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін нығайтып қана қоймай, жауапкершілік пен тәртіпке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда өңір мектептерінде қауіпсіздік бағытындағы үйірмелер мен клубтардың жұмысы қарқын алып келеді. Бұл – төтенше жағдайлардың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.