Таразда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

0 6

Тараз қаласында жол құрылысы барлық бағытта қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Қойгелді батыр көшесінде жол төсемі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаяу жүргінші жолы салынуда. Сондай-ақ жол ортасында пайда болған ойықтар да жөндеу көруде. Бұдан бөлек Рысбек батыр көшесі бойында да жол төсемін жаңарту жұмыстары жалғасын тауып отыр.

Рысбек батыр көшесін жаңарту мәселесі тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келген өзекті мәселенің бірі болатын. Әсіресе жол сапасы, қозғалыс тығыздығы мен көлік кептелісі бойынша айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, бүгінде нақты жұмыстарға ұласуда. Көше бойындағы құрылыс жұмыстары қала әкімі Бақытжан Орынбековтың тұрақты бақылауында.

Жуырда қала әкімі Бақытжан Орынбеков Рысбек батыр көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен арнайы танысты, мердігермен құрылыс алаңын аралап шықты.

– Бұл көше – қаладағы маңызды көлік бағыттарының бірі. Күнделікті жүздеген автокөлік қатынайтындықтан, мұнда жүргізіліп жатқан әрбір жұмыс тұрғындардың жайлы қозғалысы мен жол қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан жолды жаңғырту жұмыстары ерекше көңіл бөлініп отыр. Мұндағы жол құрылысын бақылау үшін апта сайын келіп, оның сапасына мән беріп отырамын. Қалада жөнделіп жатқан жолдың барлығы тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін жасалуда. Оның сапасы тұрақты бақылауымызда болады, – деді қала әкімі.

Бұл көше жолының жалпы ұзындығы 1,9 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда бұл көшедегі жол жабыны «Арайстроймаркет-2003» ЖШС тарапынан ретке келтірілуде. Бүгінгі күні асфальт жабындысының екінші қабатын төсеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл жолдың сапасын арттырып, оның ұзақ мерзім пайдаланылуына мүмкіндік береді. Жұмыстар белгіленген талаптарға сай әрі кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жобаны 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау көзделіп отыр.

 Жол жөндеу тек асфальт төсеумен шектелмейді. Жоба аясында көше бойындағы инфрақұрылымды жақсарту, жолдың техникалық сипаттарын күшейту, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасау шаралары да қарастырылған. Нәтижесінде жолдың өткізу қабілеті артып, ені кеңейтіліп, көлік ағынын тиімді реттеуге мүмкіндік туады.