Түйе өсірушілерге үлкен мүмкіндіктер туып тұр
Мойынқұм ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубековтың төрағалығымен ауылшаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге арналған жиын өтті. Жиынға облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасынан және жауапты құрылымдардан өкілдер, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалығының төрағалары қатысты.
Жиында облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дулат Оспанов 7,5 жылға берілетін несие жөнінде баяндап, оның талабы мен тиімділігіне тоқталды. Сүтті және етті мал ұстау бағытында да несие алуға мүмкіндіктер бар, тек кооперативіңе 5 адам мүше тартуың қажет, ол кісілер сенімен бірігіп жұмыс істеуге ынталы болулары да тиіс. Ал, түйе өсіруге ниеттенгендерге кооперативке 5 адам жинау деген талап жоқ, етті және сүтті бағытқа да несие беріледі. Біздің түсінгеніміз түйе өсірушілерге шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер туып тұр.
«Мойынқұм сүт» кооперативінің төрағасы Ақылбай Баялиев облыстан келген жауапты өкілдерге: «Кез келген мемлекеттік бағдарламаға құжат жинау қиын шаруа. Үш жыл құжат жинақтап несие ала алмай жүрмін. Енді құжатым реттеле бергенде талап өзгеріп кетеді. Мұндай талаппен көсегеміз көгермейді. Мәселен, кооперативке 5 мүше тарт дейсіздер. Ол 5 адамның маған сүт өткізіп, маған тәуелді боп жүргілері келмейді. Сонда мен сүтімді қайда өткіземін. Онан соң, 30 миллион теңге несиенің 15 миллионына құрал-жабдық алыңдар деген талап біздің ауданға келмейді. Бізде Жуалы ауданындағыдай тәулігіне 2 мың тонна сүт өңдеп отырған алып зауыт жоқ. Тәулігіне 150-200 литр сүт жинасақ жақсы, оны 1 миллион 500 мың теңгелік шағын қондырғылармен де өңдеуге болады. Қысқасы, несие шаруаларға қолайлы жағдайды қарастыра отырып берілсе» деген ұсынысын жеткізді. Оған Кеңес ауылдық округінің әкімі Әділет Мұқашев те, бал өсіруші шаруашылық өкілдері де қосылды.
Сонымен қатар жиында «Аграрлық кредиттік коорпорациясы» облыстық филиалының өкілі Жансерік Оразбай «Игілік және Береке» мемлекеттік бағдарламасының талаптарын түсіндірді. Дегенмен, бұл бағдарламаның талаптары ірі шаруа қожалықтарына болмаса, ісін жаңадан бастаған шаруашылықтарға қолайлы емес екені белгілі болды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков қорытындылап, қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдірді.