Өзбекстанда қазақ киіз үйіне қызығушылық артты

0 10

Әсіресе, туризм саласында өз ісін дөңгелетіп жүрген бауырлас елдің жастары қазақ мәдениетіне ерекше қызығушылық танытып отыр. Шетелдік қонақтарға арнап киіз үйлер тігіп, қолөнер бұйымдарын ұсынып, кәсіптерін өркендетіп жүргендері көңіл қуантады.

Шыршық қаласының тұрғыны Жақсылық Жорықбаевтың киіз үй жасайтын арнайы цехы бар. Соңғы жылдары отауға деген сұраныстың артқаны соншалық, той өткізуге арналған жалға алынған киіз үйлердің қарасы қалыңдаған. Қазір Жақсылық Ташкенттегі бір университеттің ауласында киіз үй тігіп жатыр. Ол өзінің ойымен бөлісті:

– Жақында үкіметтен кредит алып, цехты үлкейту жоспарымыз бар. Сұраныс өте күшті. Біреулер тойхана ашады да, қазақ киіз үйін соның қасына қояды. Бұл біздің қазақилығымызды білдіреді, әдет-ғұрпымызға деген көзқарасымызды көрсетеді, – дейді Жақсылық Жорықбаев.

Ташкент маңындағы Хасанбай ауылында жас кәсіпкерлер экотуризмді дамыту бағытында боз үйлер тігіп, алыстан көрінетін киіз үйлермен туристерді өзіне тартып отыр. Шухрат Рахимжонов, жас кәсіпкер, қазақ киіз үйлері туристер үшін таптырмас орын екенін  айтады:

– Отаулар ағаштан жасалғандықтан жазда салқын, экологиялық таза әрі пайдалы. Қонақтарымызға қазақ пен өзбек халықтарының ұлттық тағамдарын ұсынамыз, оларды түркі мәдениеті мен салт-дәстүрімен таныстырамыз, – дейді ол.

Өзбекстанда киіз үйдің бағасы 13 миллион сумнан бастап, 70 миллион сумға дейін жетеді. Біздің валюта бойынша бұл шамамен 500 мыңнан 2,5 миллион теңгеге дейін. Айтпақшы, 2024 жылы Өзбекстанда қазақ азаматы ауданы-40, биіктігі 22 метр болатын киіз үй тігіп, оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізді.

Міне, киіз үй тек дәстүр мен мәдениеттің символы ғана емес, жастардың кәсіптік ынтасы мен түркі әлемін біріктіретін ерекше көрінісіне айналып отыр.